Жиынға дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, “Нұр Отан” партиясы Жетісай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әбдіманап Байдуллаев және «Сырдария» университетінің ректоры, профессор Серік Дайырбековтың қатысты.
Шара барысында сөз алған Зауытбек Тұрысбеков қазақ хандары туралы әңгіме өрбітіп, баба тарихымызды үгіттеп, насихаттау жұмыстарын күшейту керектігіне тоқталды. Сондай-ақ, шарада Нұртас Оңдасыновтың елге жасаған ерлігі туралы арнайы бейнефильмі көрсетілді.
Нұртас Оңдасынов қоғам қайраткері, тілші-ғалым. Ол кісі заманның ауыр кезеңінде 13 жыл бойы Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болған. Үкімет басына келісімен бірінші кезекте елде жүріп жатқан сауатсыздықты жоюды қолға алып, оны сәтті аяқтайды.
Шалғай аудандарда мұғалімдер даярлайтын курстар, училище, облыс орталықтарында мұғалімдер институтын ашып, Орталық Комитеттің саясатының жүзеге асуына күш салады. Қазақстан Орталық Комитетінің бюро мүшесі ретінде ол мәдениет мәселелеріне жауапты болды. Н.Оңдасынов соғыс жылдарының ауыртпалығына қарамай Абайдың 95 және 100 жылдық мерейтойын аса биік дәрежеде атап өту жөнінде Үкімет қаулысын шығарып, комиссияның төрағасы өзі болып өткізген.
Жиында жарыссөзге шыққандар Елбасының мақаласын терең ұғынып, келешек ұрпаққа үлге етуде аянбай еңбек етуге уағдаласып тарқасты.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі