Жетісай ауданында зәйтүн егу жоспарлануда

Dalanews 05 қар. 2018 15:23 742

          Бүгін Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев алматылық «Прометей» және испаниялық «Корбелл» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар Жетісай ауданынан 25 гектар жерге тәжірибе ретінде зәйтүн бағын егу мәселесін талқылады. Қос компания алдағы уақытта Жетісай ауданынан зәйтүн және бадам бағын егуді жоспарлап отырғанын, ол үшін осындағы егістік жерлердің топырағын зерттеп көруге ниетті екендіктерін жеткізді.

Испаниялық агро компанияның өкілі Фауистино Корралбелбельдің айтуынша, зәйтүн егуге Жетісайдың топырағы мен климаты өте қолайлы екен. Шетелдік компания бұл қорытындыға зерттеу жұмыстарының нәтижесінде келгенін айтып отыр.

«Біз осыдан бірнеше ай бұрын Жетісай ауданының топырағын сараптамадан өткізу үшін Испанияға жолдаған болатынбыз. Нәтижесінде зәйтүн егуге ыңғайлы деген қорытындыға қол жеткізіп отырмыз: Ендігі мақсатымыз – осы ауданнан зәйтүн бағын егуге қолайлы жер тауып, қосымша сараптама жұмыстарын өткізу. Ол үшін бізге жергілікті билік мемлекет меншігіндегі жер телімін тауып беруге көмек қолын созса, жоспарымызды іске асыруға ниеттіміз.Алғашқыда біз 25 гектар жерге эксперимент ретінде егіп, егер табысты болып жатса, оның көлемін жыл санап ұлғайту жоспарымызда бар»,- дейді «Прометей» компаниясының өкілі Қанат Құдайберген.

Аудан әкімі қонақтарға әр жерде орналасқан 3 жер телімінің топырағын сараптамадан өткізіп көруге кеңес берді. Сондай-ақ, егер жоба толық іске асып жатса, ауданымыздан зәйтүнді қайта өңдейтін кәсіпорын ашуға болатынын ескертті.

«Біз сіздердің бұл ұсыныстарыңызды қуана қолдауға дайынбыз. Ауданымыздағы егістік жерлердің бәрі дерлік суармалы. Оның үстіне жеке шаруа қожалықтарының иелегінде. Сондықтан біз сіздерге бұған дейін игерілмей жатқан жерлерді де ұсынып отырмыз», - деді Жамантай Қанайұлы.

Айта кетейік, зәйтүн ағашы егілгеннен кейін үш жылдан соң өнім бере бастайды. Егер күтіп-баптауы дұрыс болса, 150 жылға дейін өнім беруге қауқарлы екен. Шамамен 1 гектарынан 10 тоннаға жуық өнім алуға болады. Ал зәйтүннің бір келісі елімізде 35 доллардың шамасында болса, одан алынатын майдың бір литрі 450 теңгеге бағалануда.

Кәсіпкерлер егер топырақты зерттеу нәтижелері оң қортынды берсе, алдағы ақпан айында көшеттерді испаниядан әкеліп отырғызуға әзір екендіктерін жеткізді. Олар сондай-ақ, тамшылатып суару әдісін қолданбақ.

Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Суреттерді түсірген Қуаныш Әуелбеков

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар