Компания жұмысшылардың "ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) құрамына өткізу және жалақыны "ҚазМұнайГаздың" еңбекақысына жүйесіне сай теңестіру туралы талаптары орындалмайды деп отыр.
Жетібай кентінде West Oil Software жұмысшылары бір аптадан бері наразылыққа шығып тұр. Жұмысшылар West Oil компаниясын ҚМГ-ның мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етеді.
West Oil Software мәлімдемесінде ұжымдық шарттың және еңбек заңнамасының талаптарын толық орындап отырғанын, жұмысшыларға беретін еңбекақы басқа мұнай сервис кәсіпорындарының жалақысынан артық екенін айтады.
West Oil Software мәлімдемесінде "ОТК компаниясымен 2027 жылға дейін жасалған ұзақ мерзімді келісімшарт бойынша өз міндеттемелерін ереуілге шыққан жұмысшылардың қатысуымен, болмаса оларсыз толық көлемде орындауға ниетті" деді.
West Oil Software жұмысшылардың ереуілін "заңсыз" деп атап, ереуілге байланысты "мұнай ұңғымаларында апат қаупі бар, бұл қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ тапсырыс берушіге экономикалық шығын келтіреді" деп мәлімдеді.
Жетібайдағы наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр. Наразылар қақаған аязда күні-түні далада тұр. Олар талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады. 17 желтоқсанда Жетібайға арнайы жасақ кіргізілгені хабарланған. Наразылықтан соң жұмысшыларға қысым күшейіп, бірнеше адам жұмыстан шығарылғаны да хабарланған.
Наразылыққа шыққан жұмысшылар 2018 жылға дейін ҚМГ құрамына кіретін компанияда жұмыс істеп, ҚМГ-ның біріңғай еңбекақы төлем жүйесіне енген еді. Кейін бұл компания ҚМГ құрамынан шығып, жекешелендірілген.