ЖЭС құрылысы: Үкімет зейнетақы қорынан 1,5 триллион теңге қарыз алмақ

Қаракөз Амантай 30 қаң. 2024 09:57 1072


Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен жел электр станциясы (ЖЭС) жобаларына байланысты келісімді ратификациялауға дайындық жүргізуде. Оны жүзеге асыру үшін қазақстандықтардың зейнетақы жинағының бір бөлігін, яғни 1,5 триллион теңгені БЖЗҚ-дан алу жоспарлған, деп хабарлайды Dalanews.kz.


“2023 жылы 2 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісім ратификациялансын”, - делінген Мәжіліске ұсынған заң жобасында.


Келісімнің мақсаты – жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) және Қазақстанның тұрақты дамуы саласындағы жобаларды ілгерілету.



“Аталмыш келісім мақсаттар мен басымдықтарға қол жеткізуге, сондай-ақ тараптардың энергетикалық қауіпсіздік, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайту саласындағы міндеттемелерін орындауға көмектесетін жобаларды ілгерілетуге бағытталған. Келісім аясында Жамбыл облысында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясы жобасын салу жоспарлануда. Келісім жаңартылатын энергия көздері мен жасыл технологиялар саласындағы жобаларға, электр энергиясын өндіру мен сақтауға бағытталған инновацияларға қатысты", - делінген заң жобасына түсіндірме жазбада.



 


Әзірлеушілердің пікірінше, жобаны іске асыру ЖЭК дамытудың 2030 жылға қарай 15%-ға жетуін көздейтін нақты нысаналы индикаторларға қол жеткізуге, жаңартылатын энергия секторын үздіксіз дамытуға, сонымен бірге жыл сайын көмірқышқыл газының шығарындыларын азайтуға бағытталған.


“Жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да салдарға әкеп соқпайды әрі мұндағы ережелер ұлттық қауіпсіздікке әсер етпейді. Жоба аясында 200-ге дейін тұрақты және 1600-ге дейін уақытша жұмыс орындары құрылады. Шамамен 1,5 миллиард доллар инвестиция тартылады. Сондай-ақ қосымша 3500 миллиард кВт/сағ жасыл энергия өндіріледі. Қала берді жобаны жүзеге асыру кезінде мемлекеттік және жергілікті бюджеттердің кірістерін қысқарту немесе шығыстарын көбейту қарастырылмаған", - деп түсіндірді әзірлеушілер.


23 қарашада премьер-министр Әлихан Смайылов БЖЗҚ-дан азаматтардың 1,5 триллион теңге зейнетақы жинақтарын инфрақұрылымға инвестициялау жоспарын растады.



Алайда БЖЗҚ-дан 1,5 триллион теңге шығару жоспары бірден сынға ұшырады. Мәселен, мәжіліс депутаты Азат Перуашев егер мемлекет 1,5 триллион теңге зейнетақыны алып тастау туралы шешім қабылдаса, инвесторлардың жоғалтқан шығынын өтеуі қажет деп санайды.



 


Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да үкіметтің БЖЗҚ-дан 1,5 триллион теңге шығару және салықты көтеру жоспарын сынға алып, Қазақстан Министрлер Кабинетінің жоспарларының даулы екенін көрсететін бірқатар дәлел келтірді.


Ал Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов 1,5 триллион теңгені бөлу жоспарына түсініктеме бере отырып, БЖЗҚ-ның “Самұрық-Қазына” қорына немесе “Бәйтерек” холдингіне салған кез келген инвестициясы тек нарықтық бағам бойынша болуы керек екенін жеткізді.


ҚазТАГ хабарлағандай, Қазақстанда азаматтардың 1,5 триллион теңге зейнетақы жинақтарын тәркілеуге қарсы петиция басталды.



Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар