Жер реформасы комиссиясының Атыраудағы отырысы басталды

Dalanews 23 шіл. 2016 06:08 1157

Жер реформасы жөнiндегi комиссияның төрағасы, вице-премьер, ауыл шаруашылығы министрi Асқар Мырзахметов Атыраудағы отырыстың күн тәртiбiн белгiледi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

– Күн тәртiбiне, бiрiншiден, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын жетілдіру мәселесі шығарылады. Оған жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігін арттыру, бір қолға жалға берілетін жерлердің шекті мөлшерін белгілеу, Қазақстанның шекаралас аумақтарынан берілетін ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану тәртібін күшейту кіреді. Екіншіден, елді мекен маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыруға, үшіншіден, мораторий жарияланған 2 мәселеге – қазақстандықтарға жеке меншікке және шетелдіктерге жалға беруге байланысты пікір алмасу көзделіп отыр, – дедi Асқар Мырзахметов.

Айта кетсек, бүгiн Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен Жер реформасы жөнiндегi комиссия мүшелерінiң Атырау облысы халқымен кездесуi өтiп жатыр. Сегiзiншi отырысқа комиссияның 25 мүшесi қатысып отыр.

Кездесуге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен кәсіпкерлер, салалық одақтар мен қауымдастықтар, барлық деңгейдегі қоғамдық кеңес мүшелері, партиялық және кәсіподақ ұйымдары, орталық және жергілікті атқарушы органдар қатысып, өңір аудандарының тұрғындары селекторлық режимде байланысқа шығып отыр. Сонымен қатар, «Bnews.kz» сайтында тікелей эфир ұйымдастырылған.

Еске сала кетсек, бұған дейiн комиссияның Астанада төрт, ал үш көшпелi отырысы Ақмола,  Алматы және Қызылорда облыстарында өткен болатын.

 

Айымгүл ӘБІЛЕВА

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар