Жемқорлыққа қарсы сериал түсіремін деген Сәтбаев әкімдігінің басы дауға қалды

Сағыныш Сардарова 21 мау. 2025 13:08

Жақында мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы Сәтбаев әкімдігі 78,5 млн теңгеге әлеуметтік сериал түсіру туралы келісім-шарт жасасқаны белгілі болды. Тапсырыс бір көзден, ешқандай конкурссыз "ErNar-Media" компаниясына берілген. Бұл сериал негізінен жемқорлық пен алаяқтыққа қарсы күресті насихаттауға тиіс еді. Бұл туралы мемлекеттік сатып алу туралы зерттейтін Goszakupturaly арнасы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәліметке сүйенсек, келісім-шарттың негізі ретінде әкімдік "интеллектуалды меншік" деген себепті алға тартқан. Бұл негіздеме мемлекеттік сатып алу процесінің жабық, күмәнді түрде өтуіне мүмкіндік беріп отыр. Бірақ тапсырыс беруші дәл қандай интеллектуалды меншік нысаны екенін ашып көрсетпеген.

"ErNar-Media" компаниясы мемлекеттік сатып алуға алғаш рет 2024 жылы наурызда қатысқан. Оған алғашқы тікелей тапсырысты Ұлытау облысының Қоғамдық даму басқармасы берген. Бұл компанияның директоры Еркебұлан Молдашев – Ұлытау облысы мәслихатының депутаты, "AMANAT" партиясының мүшесі", - деп жазылған ақпаратта.

2024 жылы шілдеде Сәтбаев қаласының әкімі болып Мұрат Бөрібаев тағайындалды. Бұған дейін ол да Ұлытау облыстық мәслихатының депутаты болған. Дерекке сүйенсек, сериал түсіретін компанияның басшысы мен қала әкімі – бұрынғы әріптестер.

"Айта кетерлік тағы бір жайт – компанияның заңды иесі Еркебұлан Молдашев емес. Ол тек компания басшысы ретінде тіркелген. Компанияның құрылтайшысы – басқа адам. Бірақ мемлекеттік сатып алу порталы бойынша бұл құрылтайшының сериал өндірісімен еш қатысы жоқ. Ол бұған дейін жарықтандыру, ағаш бұйымдарын жасау, мектеп ғимаратын жөндеу, түрлі техникалық құралдарды сатумен айналысқан. Демек компанияның иесі мен басшысының арасында нақты қандай келісім бары белгісіз", - деп жазылған ақпаратта.

Бұл сериал неге дәл осы компанияға берілгені жайлы ашық ақпарат жоқ. Мұндай жағдай, әрине, қоғамда үлкен күдік пен сауал туғызады.

Еске салайық, бұған дейін БАҚ-та Сәтбаевта депутаттың компаниясы сериал түсіруге 78,5 млн теңгелік тендер ұтып алғаны туралы ақпарат тарады. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар