Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының ішкі саясат бөлімі мемлекеттік сатып алу порталында қызық келісім-шарт жасасып, 78,5 млн теңгеге әлеуметтік бағыттағы сериал түсіруге тапсырыс берген. Келісім тікелей бір көзден жасалған, орындаушы – "ErNar-Media" ЖШС. Компанияның иесі депутат болып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz ratel.kz-ке сілтеп.
Жобаның техникалық сипаттамасында тапсырыс беруші сериалдың тақырыбын жемқорлық, алаяқтық және отбасылық құндылықтарды "насихаттау" деп көрсеткен. Әрине, шын мәнінде әкімдік жемқорлық пен алаяқтықты емес, керісінше оларға қарсы күресті насихаттауды көздегені анық.
Жалпы сериал 10 сериядан тұруға тиіс. Әр бөлімнің ұзақтығы – 15-30 минут аралығы. Жоба аудиториясы ретінде жастар, ересектер мен аға буын өкілдері аталған. Әкімдік сериалдың тек қазақ тілінде түсірілуін талап етеді. Сонымен қатар, әр бөлімде міндетті түрде "Сәтбаев қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша" деген жазба болуы керек. Тапсырыс беруші сериал рейтингі жоғары болуы үшін кәсіби деңгейдегі актерлер мен Ұлытау облысының жергілікті өнерпаздарын қатыстыруды да талап еткен. Жалпы алғанда сериал түсіріліміне кемі 30, ең көбі 50 актер қатысуға тиіс.
Шартқа сәйкес, сериалдың барлық тақырыбы, сюжеті мен сценарийі әкімдікпен толықтай келісіліп, бекітіледі. Орындаушы жоба аяқталғаннан кейін шығармашылық есеп тапсырып, сериалдың таралуы туралы БАҚ пен блогерлердің жазбаларын да жинап беруі керек.
"Сатып алу не себепті дәл осы компаниямен тікелей жасалғаны да көрсетілген. Әкімдік мұны "Мемлекеттік сатып алу туралы" заңның 16-бабының 3-тармағымен түсіндіреді. Осы тармақ бойынша интеллектуалдық меншік объектісі саналатын қызметті тек осы меншікке эксклюзивті құқығы бар ұйымнан сатып алуға рұқсат етілген.
Деректерге сүйенсек, "ErNar-Media" компаниясы 2022 жылы құрылған. Мемлекеттік сатып алу нарығына 2024 жылы ғана шығып, бірден екі тапсырыс алған. Соның бірін осы Сәтбаев әкімдігі берген (сомасы – 30 млн теңге). Ол да жемқорлық, алаяқтық, отбасылық құндылықтар мен ұлттық тәрбие мәселелерін қамтыған қысқаметражды сериал түсіруге арналған. Екінші тапсырыс Ұлытау облысының Қоғамдық даму басқармасынан 40 млн теңгеге берілген", - деп жазылған басылым дерегінде.
Ашық деректер базасына сәйкес, "ErNar-Media" компаниясының басшысы Еркебұлан Молдашев – Ұлытау облысы мәслихатының AMANAT партиясынан сайланған депутаты.
YouTube платформасында "ErNar-Media" компаниясының арнасы бар. Онда компанияның сериалдары мен қысқаметражды фильмдері жарияланған. Видеолардың көбі мыңнан он мың қаралым жинаса, кейбір роликтердің қаралымы 200-300 мыңға дейін жеткен. Фильм атаулары мынадай: "Парақор", "Жедел жәрдем", "Контенттің құрбаны", "Лудоман", "Алимент", "Марафон" және "Махр".
"Әрине, бұл мемлекет есебінен түсіріліп жатқан алғашқы сериал емес. Әрі биліктің өнер мен шығармашылық саласына араласып отырғаны да жаңалық болудан қалған. Бірақ бюджет қаржысына түсірілген, екі айда жылдам дайындалған, әкімдікке анық сілтеме жасалған, сценарийі шаблонды сериал көрермен көңілінен қаншалық шығады – ол үлкен сұрақ.
Одан да маңыздысы: бұл тапсырыс неліктен дәл осы "ErNar-Media" компаниясына берілді? Бұл компанияның сериал түсірудегі тәжірибесі қандай? Оның иесі – мәслихат депутаты Еркебұлан Молдашевтің тапсырыс алуына саяси лауазымының ықпалы болды ма?!" - деп жазылған басылым мәліметінде.