Облыс тұрғындары бұл шешімді оң қабылдады, өйткені қазір олар әкіммен кездесуге бармай-ақ өздерін мазалаған мәселелерді он-лайн арқылы да қала басшысына жеткізуге мүмкіндік алған. Аймақ басшысы да өз парақшасына келген шағым-өтініштерге дереу жауап беріп, елдің көңілінен шығуда, деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО ақпараттық орталығына сілтеме жасап.
Мәселен, жуырда Бородулиха ауданының тұрғыны Антон Олейник Шығыс Қазақстан облысының әкіміне өз бизнесін рейдерлік жолмен әлдекімдердің тартып алмақ болғанына шағымданған. Сол секілді осы өңір бойынша орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің жоқтығына қатысты өзге де бірқатар шағым келіп түскен.
Осы мәселелердің мән-жайын анықтау үшін Даниал Ахметов бұл аймаққа Nur Otan партиясының, сондай-ақ қадағалау, құқық қорғау және уәкілетті орган өкілдерінен тұратын арнайы комиссияны жөнелтіп жіберді.
Аягөз қаласындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында орын алған жағдайға байланысты да тура осындай шара қолданылды. Бұл ретте мәселе отандық сайттардың бірінде көтерілген.
Мақала жариялана салысымен, бірнеше сағат соң Даниал Ахметов жағдайды егжей-тегжейлі зерделеу үшін өз орынбасары Шалқар Байбеков бастаған арнайы комиссияны Аягөзге аттандырды.
- Аягөздегі арнайы әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығындағы жағдай бойынша, қымбатты достар, мынаны нәрсені айтқым келеді. Тергеу ісі аяқталғанша орталық директоры жұмыстан уақытша шеттетіледі.
Облыс басшылығын орталықтағы жағдайдан дер кезінде хабардар етпегені және тиімді шаралар қабылдамағаны үшін Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметін төмендеттік.
Бұл мәселе менің, сондай-ақ қадағалаушы және құқық қорғау органдарының жеке қадағалауына алынған. Қосымша мәліметтер кейін жарияланатын болады, - деп жазды Ахметов Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ, Семей қаласындағы "Өрлеу" балабақшасына балалары баратын ата-аналардың әлеуметтік желіде жариялаған видеосының арқасында жол жөнделіп, жаяу жүргіншілер мәселесі де шешілетін болды.
Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша Семей қаласының әкімі Ермак Салимов осы балабақша балаларының ата-аналарымен жеке кездесіп, мәселе шешімін өзара талқылады. Бұл мәселе бір апта ішінде шешіледі деп күтілуде.
Даниал Ахметовтың өз өңірі халқының желідегі шағымдарына қатысты іс-қимылы көзге ерекше түсіп, елдің ықыласына бөленуде.
Айта кетсек, Даниал Ахметов соңғы 34 апта бойына әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істейтін әкімдер рейтингінде ең бірінші болып тұр.
Айта кетсек, Аягөзде арнайы қызмет көрсету орталығының балалары зорлық көргендерін жеткізген. Видеода 5-7 жастағы ұл балалар тәрбиешілерінің жертөлеге апарып зорлағандарын, мұны директор білетінін айтады.
https://www.youtube.com/watch?v=wnLgyB5yFnE