Желіде Талдықорғанның экс-әкімінің ұлына қатысты алаяқтық дерегін растайтын видео пайда болды

Қаракөз Амантай 30 жел. 2025 09:35

Кейбір дереккөздердің мәліметінше, Талдықорғанның бұрынғы әкімі Дастан Шалтабаевтың ұлы - Тұрарбек Тұрлыхан Алматыда бірнеше рет жасалған алаяқтық фактілері бойынша ұсталған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Egov.press телеграм арнасының мәліметінше, бұған дейін ол үш эпизодқа қарамастан қамауға алынбай, үйқамаққа жіберілген.

Желіде тараған бейнежазбада күдікті азамат өз әрекетін толық мойындайтынын жеткізеді. Видеода белгісіз адамдар оның жеке дерегін нақтылап, ақшаны қандай мақсатпен алғанын сұрайды. Күдікті бірнеше рет ақша алғанын және оларды қарыз ретінде емес, уәде берілген қызмет үшін алғанын растаған.

Бейнежазбадағы диалогта ол бірнеше үлгідегі iPhone құрылғысын әперемін деп уәде беріп, ақша алғанын, сондай-ақ “салық мәселесі бойынша көмектесемін” деп 5 миллион теңге иемденгенін айтқан. Сонымен қатар ақшаны жеке өз қолына алғанын да мойындайды.

Қазіргі уақытта бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме таратылған жоқ. Оқиғаға байланысты тергеу органдарына ресми сауал жолдадық.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар