Әлеуметтік желіде 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың құйрық бөлігі тасымалданған сәттің видеосы тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Желі қолданушылары апатқа ұшыраған лайнердің сынықтары белгісіз бағытқа апарыла жатқанын жазған.
Lada.kz мәліметінше, бұл жағдайға қатысты Көлік министрлігі пікір білдірген.
"Комиссия әуе кемесінің элементтерін ангарға (ұшақ тұрағы) тасымалдау бойынша жұмыс істеп жатыр. Ол Ақтау әуежайының аумағында орналасқан",-деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі өкілі.
25 желтоқсанда жергілікті уақыт бойынша 11.30-да Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы.
Ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Апаттан 6 қазақстандық көз жұмды. Жалпы қаза тапқандар саны - 38. Қайғылы оқиғадан 29 адам аман қалды.