2023 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан Республикасында жеке тұлғалардың банкроттық институты іске қосылды. Осы кезеңнен бастап бүгінге дейін банкроттық рәсімін қолдануға 270 мыңнан астам өтініш келіп түскен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Оның ішінде 262 мың өтініш соттан тыс банкроттық рәсімі аясында берілген. Алайда, 193 мың өтініш (73%) бойынша кіріс өлшемшарттарына сәйкес келмеу фактілері анықталып, нәтижесінде өтініштер қанағаттандырылмаған. Негізгі себептер — өтініш берушінің меншігінде мүліктің болуы, берешек сомасы мен төлем жасалмаған мерзімнің талаптарға сәйкес келмеуі, сондай-ақ кредитормен берешекті реттеу рәсімінің болмауы", деп түсіндіреді Мемлекеттік кірістер департаменті.
Құзырлы ведмство қолжетімділікті арттыруға бағытталған заңнамалық өзгерістер енгізілгенін айтады. Мәселен, соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдету мақсатында 2024 жылғы 19 маусымда және 2025 жылғы 30 маусымда заңнамаға өзгерістер енгізілді.
Бірінші кезеңдегі өзгерістер:
- берешекті реттеу туралы құжаттарды қоса беру талабы алынып тасталды;
- кредитор мен берешек сомасы туралы мәліметтерді көрсету талабы жойылды — бұл ақпарат енді тікелей кредиттік бюролардан сұратылады;
- соттан тыс банкроттық рәсіміне қатысатын кредиторлардың тізбесі кеңейтілді.
2025 жылғы 1 шілдедегі іске асыру нәтижелері
Бұған дейін бас тартылған азаматтардың арасынан 6 795 адам себептерін жойғаннан кейін 3 ай өткен соң өтінішті қайта тапсырып, банкрот деп танылды.
Бүгінгі таңда 34 600 азамат ресми түрде банкрот деп танылды, оның ішінде:
- 2 031 адам – атаулы әлеуметтік көмек алушылар,
- 10 451 адам – 5 жылдан астам мерзімде қарыздарын өтемегендер.
Сот тәртібімен банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру аясында:
- келіп түскен 10 000 өтініштің ішінен 225 азамат банкрот деп танылды;
- 181 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде.
"Заң аясында өз мүмкіндігін пайдаланған 34 мыңнан астам азамат шамадан тыс берешек жүктемесінен арылып, экономикалық белсенді өмірге қайта оралды", делінген хабарламада.
Олардың ішінде:
- 1 248 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелді,
- 2024 жылға арналған салық есептілігіне сәйкес, олардың жиынтық табысы 202,8 млн теңгені, есептелген салық сомасы – 16 млн теңгені құрады.
Бұл деректер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматтарды ғана қамтиды.