“Жегендері қазы”. Шерзаттың жақындары қамауға алынған күдіктілердің жағдайын көріп ашуланды

Қаракөз Амантай 09 қаз. 2024 00:15 7667

Алматы облысы Талғар қаласында бір топ азаматтың қолынан ажал құшқан 16 жастағы Шерзаттың оқиғасы көпшіліктің назарын аударды. Қазіргі таңда марқұмның туыстары биліктен әділдік сұрап, қылмыскерлерге ауыр жаза берілуін талап етіп отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Марқұмның анасы Гүльбара Бишмбиева қайғылы оқиғаны еске алып, жағдайға байланысты пікір білдірді.

“Мені жұлқып лақтырып жіберді. Екеуі қолымнан ұстап отырды. Тіпті көгерген жерлері де бар. Ары қарай ұлымды қорғауға ұмтылған қайын ініме де пышақ сұқты. Баламды артынан кеп пышақтаған еді. Оны құлап жатқан жерінен тағы тепкілеп ұрды. Бұл сәтті видеодан көрген шығарсыздар. Осы іске байланысты әділдік сұраймын. 13 адамның бәрі ұсталып, әрқайсы өз жазасын алса деймін. Баламды өлтірген адамды 20-25 жыл бас бостандығынан айыруды талап етемін”, - дейді марқұмның анасы.

Күдіктілерді көру үшін марқұмның жақындары изолятордың ішіне кірген.

Шерзаттың әпкесінің айтуынша, қамауда отырғандардың жағдайы жақсы, қарындары тоқ. 

“Қылмыскерлердің нақты ұсталған-ұсталмағанын көру үшін ішке кірдік. Бұл біздің талап-арызымыз болды. Жетеуін жеті камераға отырғызған. Бірақ олардан 16 жастағы баланы өлтірдік-ау деген өкініш сезімін байқамадым. Жеп отырғандары қазы, астыларындағы төсек орындары да жайлы. Бәрі мәз боп отыр. Ұзақ қарай алмадым. Бұл әлі түрме емес. Жай ғана изолятордың өзінде олар керемет жағдайда өмір сүріп жатыр.

Неге жеті адамды ғана ұстап отыр?! Мен бұларды бұл жақта да тыныш қоймаймын. Керек десеңіздер жоғары жаққа барамын. Бұлардың қазы тұрмақ түгілі бір ұртым су ішуге еш құқығы жоқ”, - дейді марқұмның әпкесі Бақыт Реймова.

Еске салайық, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмды. Жанжал жігіттің отбасы жалға алатын дүкеннен басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осы жағдайдан кейін төбелес басталған.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша Алматы облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, барлық кінәлі адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған.

“Қылмыстық істі тергеу Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауына алынып, оның нұсқауы бойынша арнайы жедел-тергеу топ жұмыс атқаруда. Барлық жиналған дәлелдер, соның ішінде бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар зерттелуде. Қазіргі уақытта жеті адамның қылмыс жасауға қатысы бар екені анықталды”, - дейді Алматы облысының полиция департаменті.

Мәліметке сәйкес, жәбірленуші тараптың дәлелдері бойынша басқа тұлғалардың қатысын анықтау үшін тергеу шеңберінде тексеру жүргізілуде.

“Әрқайсына жеке құқықтық баға берілетін болады. Қайтыс болған жасөспірімнің заңды өкілдері тергеу барысы туралы хабарланып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды”, - деп мәлімдеді полиция өкілдері.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар