"Жайлы мектеп". Ауыр рюкзактарды мектепте сақтау үшін арнайы шкафтар орнатылады

Dalanews 02 қар. 2023 12:16 1388

Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары барысында Алмалы ауданындағы Райымбек даңғылы мен Әуезов көшесі қиылысында салынып жатқан мектепке барды. Бұл мектеп 1500 орынды. Оны Алматы әкімдігі жобалық кеңсесінің қолдауымен "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында "Bazis Construction" ЖШС мердігерлік ұйымы салуда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Құрылыс 2023 жылдың маусымында басталды және бүгінде бірқатар жұмыстар аяқталды. Мектепті 2024 жылдың соңында пайдалануға беру жоспарлануда. Жоба бойынша 326 орынды зал, 4 спорт залы, бастауыш сынып оқушыларына арналған 2 шағын спорт зал қарастырылдған. Бастауыш сынып оқушылары үшін кіру бөлек болады. Қала басшысы тұрақ аймағы мен айналма жолдарды салу үшін қосымша жерлерді сатып алу мәселелерімен шұғыл түрде айналысуды тапсырды.

Алмалы ауданындағы оқушы орындарының тапшылығы жағдайы салыстырмалы түрде  жақсы: оқушылардың жалпы контингенті 37 мың оқушыға  шаққанда орын тапшылығы 1 мыңнан сәл асады. Бүгінде ауданда 42 білім беру ұйымы бар, оның ішінде 29 мектеп мемлекеттік және 13 – жекеменшік.

Еске салсақ, "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын Қазақстан Үкіметі 2022 жылы Президенттің "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам" атты  Жолдауын жүзеге асыру үшін қабылдаған болатын. Жобаның басты мақсаты-апатты нысандарды, үш ауысымды оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жою.

Бұған дейін хабарланғандай, 2025 жылға қарай Алматыда 37 100 орындық 22 жаңа мектеп пайда болады.

Әкімдіктің жобалық кеңсесінің ақпараты бойынша, жаңа форматтағы мектептердің басым бөлігі Алатау және Наурызбай аудандарында салынады – 5 оқу орны. Бостандық ауданында – 4 мектеп, Түрксіб ауданында – 3, Әуезов ауданында – 2 мектеп, ал қалған аудандарда-бір мектеп салу жоспарлануда. Мектептер олардың тапшылығы байқалатын жерлерде салынуда.


Жайлы мектептерде барлық білім алушылар үшін қолайлы жағдай жасалады, оның ішінде есіктерді автоматты түрде бұғаттаумен кіру және шығуды бақылау жүйесін, Face ID және QR-кодтарды енгізу жоспарлануда.

Оқу орнының әкімшілігі нақты уақыт режимінде бүкіл ғимарат пен мектеп аумағындағы жағдайды қадағалап отыру үшін міндетті түрде бейнебақылау жүргізіледі.

Ауыр рюкзактар мәселесін шешу үшін мектептерде оқулықтарды сақтауға арналған бөлек шкафтар орнатылады. Сондай-ақ, жобаларда лифттер, электронды кітапханалар және хоккей корты қарастырылады. Әр қабатта  дұрыс демалу үшін коворкинг-аймақтар және ауыз су бұрқақтары орнатылады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар