Жайлаудың баласы

Dalanews 05 жел. 2016 09:25 752

                               

                                     (  Ермұрат досты сағынышпен еске алу)

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы. Қазіргі ҚХР-дың шахар-и-Үрімшісінде студентпіз. Білімқұмар, өлеңқұмар, өнерқуған қазақтың сайдың тасындай, өрімдей жастарымыз. Біреулеріміз Өр-Алтай мен Сауырдан, енді біреулеріміз Боғда-Еренқабырғадан, Бір тобымыз Тарбағатай-Жайырдан, ал көпшілігі « Елім Құлжадай, көңілім сізді болжады-ай» дегендей Іле жақтың қыз-жігіттері. Жазғы демалыстан соң, күзгесалым үш аймақтың түкпір-түкпірінен арман қуып келген ат төбеліндей қазақтың қара домалақ жастары университеттің қалашығында шұрқырасып табысатынбыз.

Қайнаған студенттік өмір. Күнделік сабақ, аудитория, кітапхана, асхана, сынақтар мен емтихандар. Ал демалыс, мереке кезі студенттер үшін думанды кешсіз өтпейді. Сондай көңілді кештердің бірінде Іле-Құлжа жақтың жігіттері бір тамаша жаңа ән ала келіп, шырқады. Бәріміз таң-тамаша болдық. Әннің өлең мәтінін де, әуенін де жаттап алдық, ал авторын сұрадым ба, сұрамадым ба, есімде жоқ. Әннің аты «Жайлауым-әнім». Міне сол ән, сол кезде теле-радио эфиріне шықпай-ақ, концерт сахналарында орындалмай-ақ Үрімжі, Құлжа, Пекин және басқа ірі қалалардағы қазақ жастарының төл гимніне айналып, Үш аймақтың даласы мен жайлауына тарап кетті. Кәзір бұл ән Елімізде де, арғыбетте де өзін Ұлы дала перзенті санайтын әр қазақ баласының сүйікті әні болып, әлдилеп келеді десем, артық айтпаған болармын.

1994-жылы арман қуып, Елге, Атажұртқа жеттік-ау. Бір күні кешкісін белгілі әдебиетші-ғалым, көршім әрі әріптес дос Омарәлі Әділбектің үйіне бара қалдым. Бір топ қонақтарының үстінен түстім. Аман-сәлемнен соң, ондағы маған бейтаныс жігіттермен таныстырды. Араларынан сымбатты, ұзыншаш қойған, менімен жасы шамалас жігіт назарымды аударды. Қонақ иесі маған: «Бәріміз сүйіп тыңдайтын «Жайлауым-әнім» әнінің авторы Ермұрат Зейіпхан деген бауырымыз осы жігіт» деп таныстырды. Мен орнымнан тұрып, ол жігітпен қайта құшақтасып, амандаып, таныстым. Міне, Күнес жайлауының арда баласы мен Боғданың түлегі болған мен осылайша табысып, достасып кеткен едік. Кейін, оның тырнық-алды әрі, ең таңдаулы әндерінің бірі саналатын «Жайлауым-әнім» әнінің Үрімжідегі студент жастарға қалай жеткенін жыр қылып айтып жүріп, оны Ұлы Абайдың баласы Ақылбайдың әнінің елге қалай таралғанымен ұқсатып айтып, мәз қылушы едім. ХІХ ғасырдың соңы болса керек, арғын-тобықты елімен найман-матай елі құдандалы болыпты. Құдалық сапарға әбден дайындалып болғанда, тобықтының қыз-жігіттері құдалыққа осыншама сән-салтанатпен бара жатып, найман-матай жұртына қалайша бір жаңа әнсіз, өлеңсіз барамыз, деп Абайұлы Ақылбайға қолқа салыпты. Сонда Ақылбай көпке созбай, бір тамаша ән шығарып, құдаларына сәлемдеме ретінде жіберген екен. «Ақылбайдың әні» деп аталатын сол ән бүкіл қазақ даласына таралып, осы күнге дейін шырқалып келеді.

Марқұм Ермұрат Зейіпханмен оның өмірінің соңына дейін жақын дос, рухани пікірлес-сыйлас болып келдік. Тоқсанныншы жылдырдың екінші жартысына таяу көрші болдық. Дос болған соң, мереке-мейрамдарда өзара құттықтасамыз, алғаш туған күнін сұрағанымда, «31 ші желтоқсан-ғой» дей салған. Бірер жыл оның туған күнін жаңа жыл күні құттықтап жүрдім. Бір барғанымда ол шындығын айтты. «Ей, досым, менің нақ туған күнім, негізінде, 15ші маусым, Алматыда салт басты, сабау қамшылы жүрген соң, досым болған соң саған «31 ші желтоқсан-ғой» дей салғам. Аңқау досым-ау, соны малданып, жаңа жылмен қоса, «туған күнімді» құттықтап келген достық көңіліңе рахмет» деп еді. Сонда мен: «Ереке, бүгін енді жаңа жыл ғой, не істеп отырсың?» десем, ол бір классикалық роман оқып отыр екен, жазу үстеліне қарасам, ол орыстың атақты жазушысы Федор Достоевскийдің әйгілі «Нақұрыс» («Идиот») романы екен. Сонда мен: «Достым-ау, басқа емес, бүгін жаңа жыл кеші ғой, сен «Нақұрысты» оқи беріп, мені бірге нақұрыс етіп жібер ме» десем, ол: «Осы атақты Достоевский мен біздің ұлы Шоқан Уалиханов өте жақын дос болыпты, болмасаң да ұқсап бақ дегендей, мен Достоевский болайын, ал сен Шоқанға ұқсап бақшы », – деп әзілдеп еді.

Ерекең сиясы кеппеген жаңа өлеңдерін ең бірінші дос-жарандарына оқып беретін, пікірін білетін. Дос әрі таяу көрші болған соң, маған жиі келетін, не шақырып алатын. Мен ақын болмасам да, өлең-сөзді сүйіп-қадірлейтін едім. Бір жолы кездесуімізде ол жаңа жазған бір топтама цикльді өлеңдерін байыппен, әрі әсерлі оқып отырды. Көпке дейін мен үнсіз тыңдап отыр едім, ол кенет кідіріп, маған бір түрлі қарап: «Сен, сақ-ғұн баласы (ол мені археолог-тарихшы деп көбінесе осылай атайтұғұн), өлең тыңдап отырған жоқсың-ау, мына жырлар қайталанбайды, білесің бе?», – демесі барма!

Өлең жалғасты оқылып жатыр, оқи берші деймін.

            Қараңғы зымыстан түнде,


            Қорқыныш алып ырқымды.


           Күтемін Шығыстан кімді,


           Ең соңғы жағып шырпымды.



           Ең соңғы шырпы жанып тұр,


           Ол бітсе үміт кесілді.


           Түн баспалап бағып тұр,


           Әзірейіл секілді.



            Жанды ұзақ шырпы бағыма,


            Айналдырма, кет өлім!


            Жайып тұр жүрек маңына,


            Жарықтың қымбат екенін!



           Құрбандық па бұл мықты,


            Еске алам да, таңданам.


            Саусағым екен тірлікті,


            Келесі таңға жалғаған!


  «Оу, Ереке, мен өлең тыңдап отырмын, өлеңіңді ойға жалғап отырмын, мынау енді нағыз өлең, керемет ой, мықты өлең, мықты өлең...», – дей бергенім есімнен кетпейді.

Сегіз қырлы, бір сырлы, өткен ғасырлардағы қазақтың сал-серілерінің соңғы тұяғындай сезілетін Ермұрат Зейіпханды жұрттың көбі актер, әнші, композитор-сазгер, жазушы, ақын, асаба, шоумен деп танып, оның шығармашылығы негізінен ырду-думан, той-томалақ жағдайында өмірге келеді деп ойлауы мүмкін. Ал, менің ойымша, оның шығармашылығының  дені өзімен өзі, жападан жалғыз қалған тыныштық жағдайда келетін шабыттың әсерінен туатын сияқты. Бір жолы ол Маңғыстау, Атырау жаққа гастрольдік сапарға барып қайтты. Өте қуанышты көңіл күймен келді, сонда бір айтқаны есімде. «Мен гастрольден соң, Ақтауда біраз уақытқа қалып қойдым,қазақ даласының теңізін көрдім, күнде жападан жалғыз Каспидің жағасына бір өзім барып, серуендеп жүрдім, біраз шығармашылық табысқа кенелдім», – деп еді сонда. Бәлкім, бүкіл қазақтың жүрегіне жол тартқан, спортшы саңлақтарымыздың гимніне айналған «Көк тудың желбірегені » сол сапарында туған шығар.

Бірде мен жұмысқа бара жатып Абай ескерткішінің жанынан кездестірдім. Арқасында рюзагы бар, жеңіл киініп алыпты. «Медеу шатқалына, Бұтақтыға (Бутаковка) бара жатырмын, жалғыз серуендеп келейін, Күнесімді қатты сағынып жүрмін...» деген еді сонда. Шындығында ол Атажұртқа келгелі он жылға таяу белгілі себептермен арғыбетке, туған жері Күнеске баралмай жүрген. Кейде мен оның «Күнес-ай!», «Тәңіртау» әндері сонда туған шығар деп ойлаймын.

Біз оның қайсы бір шығармасы болмасын жүрек түкпірінен, терең тебіреністен, үлкен махаббаттан, сырлы сағыныштан туғанының куәсі болдық, сезініп жүрдік. Амал нешік, қапыда жан досымыздан айырылып қалдық, бірақ оны өлді деп айта алмаймыз, артына өлмейтін сөз бен әуен қалдырды, ол қазағының жүрегінде мәңгі жасайды.

Сағынтай СҰҢҒАТАЙ, тарихшы

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар