Жасанды интеллектінің мүмкіндігі жоғары

Жарбол Кентұлы 30 там. 2024 18:42 2565

Президент былтырғы Жолдауын цифрландыру және елімізде инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударып, Қазақстанды IT- елге айналдыруды және елдің Еуразиядағы тораптық транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуды тапсырған еді. Сондай сала мамандарының алдына 2026 жылға қарай IT-қызметтердің экспортын бір миллиард долларға жеткізу міндетін қойған. Осы аталған тапсырмалар қандай деңгейде орындалып жатыр? Жасанды интеллектінің Қазақстан үшін мүмкіндігі көп пе, қаупі ме? Бұл туралы ІТ маманы Ғасыр Құралбайұлы айтып берді.


Ол Қазақстандағы ІТ саласының қарқынды дамуын 2000 жылдардың басынан бастау алды дейді.


«2004 жылы Қазақстанда «Электронды үкімет» жүйесін құру жұмыстары басталды, бұл ІТ саласының дамуына серпін берді. 2010 жылдары елімізде көптеген ІТ компаниялар құрылып, халықаралық аренада өз орнын таба бастады. Сол кезеңнен бастап ІТ саласы еліміздің экономикасының маңызды бөліктерінің біріне айналды. Соңғы жылдары ІТ саласына қызығушылық танытқан жастардың саны да артып келеді. Forbes журналының топ 10 байлық иелері осы IT cаласымен байланысты.

Жастар бұл саланың болашағы зор екенін түсініп, белсенді түрде ІТ бағытындағы білім алуға және өздерін дамытуға ұмтылады. Өзіме де кеңес сұрап, тәжірибе жинау үшін келетіндер көп. Мен үшін бұл өте қуанышты жағдай, себебі менің білгеніммен бөлісу, жаңа буын мамандарды тәрбиелеуге үлес қосу – үлкен жауапкершілік. Мұның барлығы былтырғы Президент Жолдауындағы тапсырмалардың орындалып, нәтижелі болғанын көрсетеді деп ойлаймын», – деді ол.


Мемлекет басшысы жасанды интеллект технологияларын қолданудың маңыздылығын атап өтіп, білікті мамандарды даярлауға баса назар аударуды тапсырған еді. Әлемді жаулай бастаған ChatGPT-дің елімізге қандай ықпал ететіні туралы ІТ маманы былай жауап берді.


«ChatGPT және оған ұқсас жасанды интеллект (ЖИ) платформалары Қазақстан үшін үлкен мүмкіндіктер де, белгілі бір қауіптер де әкелуі мүмкін. Мұндай технологиялардың мүмкіндіктері мен қауіптері әртүрлі факторларға байланысты. Мүмкіндіктері де орасан.

Бизнес, білім, медицна, мемлекеттік қызмет, қысқасы кез-келген саланы ілгерлету мүмкіндігі бар. Таяқтың екі ұшы бары секілді, қауіптерін де атап өткен жөн. ЖИ және автоматтандыру кейбір салаларда жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. ChatGPT сияқты ЖИ жүйелері дұрыс емес немесе жалған ақпарат таратуы мүмкін.

Егер пайдаланушылар мұндай жүйелерге толық сеніп, олардың берген ақпаратын тексермесе, бұл қателіктер мен жалған ақпараттың кеңінен таралуына әкелуі мүмкін. Тағы алаңдайтын қауіптің бірі бәріміз білетіндей ЖИ жүйелері үлкен көлемдегі деректерді өңдейді. Кейбір жағдайда жеке деректердің қауіпсіздігі мен құпиялылығын бұзуы мүмкін. Қолды болуы мүмкін. Қазірдің өзінде ірі ЖИ платформалары кейбір басылымдармен деректердің рұқсатсыз пайдалануы және қолды болуы бойынша соттасып жатыр.

Қазақстанда ІТ саласы бірнеше салада жақсы көрініс тапқан, бірақ менің ойымша, ең айқын көрініс тапқан салалар – қаржы секторы (Fintech), мемлекеттік басқару (eGov).


Қаржы секторы бойынша теңдесі жоқ Kaspi қосымшасын айтсақ болады. Kaspi.kz компаниясы Қазақстанның қаржы технологиялары (Fintech) секторында айқын көшбасшы болып табылады және бұл сектордағы жетістіктері халықаралық деңгейде де танымал етті. Қазақстанның электронды үкімет (eGov) жүйесі әлемдегі үздік жүйелердің бірі болып табылады.

2020 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамыту индексінде (EGDI) 29-орынға ие болды, бұл 193 ел арасында жоғары көрсеткіш болып табылады. Сонымен қатар қазір Бас қалаушысы Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алды және офисін Алматығы ауыстырғанын ескерсек InDriver ең танымал мобильді қосымша ретінде қарауға болады.


Мемлекет басшысы 2 қыркүйек күні жасайтын жаңа Жолдауын да жасанды интеллект мәселесіне қатысты жаңа бағдарламалар жасау қажеттігі туралы айтады деген сенімдеміз. Жаңа бағдарлама жаңа бағытқа қадам бастайды. Бұл ІТ саласының дамуына тың серпін бермек», – дейді ІТ маманы Ғ. Құралбайұлы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар