Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Shell компаниясының «мұнай мен газды барлау және өндіру» бөлімшесінің атқарушы вице-президенті Питер Костелломен және Қазақстандағы Shell концернінің аға вице-президенті және төрағасы Али Әл-Жанабимен кездесу өткізіп, Қашаған мен Қарашығанақты одан әрі игеру мәселелерін талқылады.
Shell компаниясы Қазақстанның стратегиялық серіктесі екені белгілі. Сәтқалиев осы серіктестің алдағы уақытта жалғасын тауып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деп сенім білдіретінін айтты. Кездесу барысында тараптар Қашаған мен Қарашығанақты әрмен қарай қалай игеруге болатынын талқыға салды.
Сонымен бірге Қашағанда өнімділігі жылына 2,5 млрд текше метр болатын газ өңдейтін зауыты концепциясының 2А фазасын жүзеге асыру мәселесі де айтылды. Ал Қарашығанақ жобасы бойынша оны алдағы уақытта дамытып, жылына 4,5 млрд текше метр өңдей алатын ГӨЗ құрылысы талқыланды. Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Шелл арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға күш салынады.