Қазақстанда балалар демалыс орындары жаппай тексеріледі

Қазақстанда балалар демалыс орындары жаппай тексеріледі
pixabay.com

Қазақстанда балалар лагерлеріне қойылатын талаптар күшейтіледі, деп хабарлайды dalanews.kz.

Биыл жаздан бастап бюджет есебінен қаржыландырылатын балалар мекемелеріне қатысты мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, жаңа тәсіл соңғы үш жылда тіркелген топтық инфекциялық аурулардың алдын алуға бағытталған.

Жаңа тәртіп бойынша 1 маусымнан бастап мектептер мен сауықтыру орталықтарына мониторинг жүргізіледі, ал 1 шілдеден бастап балалар болатын нысандарда жоспарлы тексерулер басталады.

Тексеру кезінде санитарлық жағдай, асханалардың жұмысы, рұқсат құжаттары және балалардың қауіпсіздігі қаралады.

Жыл басынан бері санитарлық қызмет мамандары 347 мектепке тексеру жүргізген, оның ішінде 49 ас блогы қамтылған.

Министрдің сөзінше, негізгі заңбұзушылықтар жүйелі сипатқа ие.

«Жекелеген мектептердің апаттық жағдайы, санитарлық-техникалық талаптардың сақталмауы және санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың болмауы балалардың денсаулығына кері әсер етеді», – деді Ақмарал Әлназарова.

Биыл елде 187 жазғы сауықтыру ұйымын ашу жоспарланғанымен, әзірге олардың тек 53 пайызы ғана өтінім берген.

Министрлік әсіресе рұқсат құжаттары жоқ жекеменшік лагерьлерге алаңдаушылық білдіріп отыр.

Анықталған фактілер бойынша материалдар прокуратураға, полицияға және жергілікті атқарушы органдарға жіберілген.

Лагерьлерге бақылаудың күшеюі кездейсоқ емес. Соңғы екі жылда балаларды демалыс орнына бейімделмеген нысандарға орналастыру қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

Ең даулы жағдайлардың бірі 2023 жылы Алматы облысында болған «саунадағы лагерь» оқиғасы болды. Сол кезде әлеуметтік осал топтағы балаларға арналған демалыс орны ретінде ұсынылған «Арман дала» лагерінде оқушылардың бір бөлігі сауна мен демалыс кешені орналасқан ғимараттарға орналастырылғаны белгілі болды. Кейін балалар лагерьден шығарылып, тексеру басталған.  

Оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаған. Тергеу барысында балалардың демалысы талапқа сай ұйымдастырылмағаны, ал кейбір нысандардың толыққанды лагерь ретінде бейімделмегені айтылды.  

Сол кезеңде қоғамда балалардың коттедждерде, уақытша жалға алынған үйлерде және бейімделмеген жеке нысандарда орналастырылуы да қызу талқыланған еді. Бұл мәселе балалар лагерлерін лицензиялау, санитарлық бақылауды күшейту және жекеменшік демалыс орындарын қайта тексеру талабын күшейтті.  

Былтыр Үкімет деңгейінде де бұл мәселе көтерілген. Премьер-министр балалардың қайтадан саунада орналасуына жол бермеу керектігін айтып, жауапты органдарға тапсырма берген еді.  

Енді жаңа бақылау тетігі дәл осындай жағдайлардың қайталанбауына бағытталмақ. Билік балалар лагерьлеріндегі қауіпсіздік талаптарын күшейтіп, рұқсатсыз жұмыс істейтін нысандарды анықтауға кіріседі.