АҚШ-тың Азаматтық және иммиграция қызметі (USCIS) иммиграциялық саясатқа өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді. Жаңа талаптарға сәйкес, енді уақытша визамен жүрген шетел азаматтары АҚШ аумағынан шықпай-ақ грин-карта рәсімдей алмайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жаңартылған ережелер бұрын қолданылып келген кейбір жеңілдіктерді жояды. Бұған дейін уақытша визамен келген азаматтар белгілі бір жағдайда елден шықпай-ақ тұрақты тұруға рұқсат (грин-карта) алуға өтініш бере алатын. Енді мұндай үдеріс тек консулдық рәсімдеу арқылы жүзеге асады. Яғни, өтініш иелері АҚШ аумағынан шығып, құжаттарын өз еліндегі немесе басқа мемлекеттегі АҚШ консулдығы арқылы рәсімдеуі тиіс.
USCIS өкілдерінің айтуынша, уақытша визалар қысқа мерзімді сапарларға арналған және оларды иммиграцияға алғашқы қадам ретінде пайдалануға болмайды.
Сондай-ақ иммиграциялық офицерлерге ел ішінде мәртебені өзгертуге қатысты әр өтінішті жеке қарастыру тапсырылды. Мұндай өтініштер тек ерекше жағдайларда ғана мақұлданады.
Ведомствоның мәліметінше, босатылған ресурстар енді басқа басым гуманитарлық істерді қарауға бағытталады. Атап айтқанда, адам саудасы мен зорлық-зомбылық құрбандарына арналған визаларды рәсімдеу, сондай-ақ соңғы жылдары кезегі көбейіп кеткен азаматтық алу (натурализация) өтініштерін жедел қарау жұмыстары күшейтіледі.