Осындай ұсынысты ортаға салған Мемлекеттік дума спикері Вичислав Володин, бұл идеяны заң жүзінде бекітуге асығып отыр деп хабарлайды Dalanews.kz.
Володиннің бүй деуіне Қырғызстандағы бірқатар оқиғалар себеп болған. Осының алдында әлемжеліде клиенттің кассадағы қызметкерді ұрған видеосы тараған.
Оқиға 2 тамызда Бішкектегі сауда және ойын-сауық орталықтарының бірінде болған. Белгілі болғандай, клиент ойынхана қызметкерлерінің біріне тиіскен.
"Ол сөреге жақындап, кассир қызға жүгінген кезде, ол оған орыс тілінде қызмет көрсеткен. Ол онымен тек қырғыз тілінде сөйлесуді агрессивті түрде талап етті", – деген болатын ойынхана басшылығы.
Бұған Ресейдің Қырғызстандағы дипөкілдігі бірден үн қатып, қызға қол жұмсаған азаматтың әрекетін айыптаған.
Кремльдің пропаганда құралдары Қырғызстандағы орыс тілінің ресми мәртебеге ие екенін еске салып, Орта Азия елдерінде орыс тілімен байланысты конфликтілердің тым-тым жиілеп кеткенін жарыса жазған.
Бішкектегі Ресей елшілігі клиентпен орысша сөйлеген қызға араша түсіп, осынау оқиғаға қатысты дербес тергеу жүргізбек.
"Біз бұзақының сазайын береміз. Қырғызстандағы ұлтшылдық пен орыстілді аудиторияға бағытталған агрессия елдегі тұрақтылық пен татулыққа сына қағады. Біз қырғыз билігінің жағдайды әділ бағаларына сенімдіміз", – дейді елшілік өкілдері.
Ал Вичислав Володин бұл оқиға орыстілді аудиторияға қоқан-лоқы көрсеткен алғашқы жағдай емесін еске салуда.
"Жаздың ортасында Ыстықкөлге шомылуға барған дзюдошы балалардың арасында 9 жасар Ваня да болды. Ол осы топтағы жалғыз орыс еді. Үйіне оралғанда ата-анасы оның денесінен соққының, тепкінің іздерін көрді. Лагерьдегі балалар араларындағы жалғыз тал орысқа тиіскен, ортадан оқшаулаған...", – дейді ол.
Оның пайымдауынша ұрып-соғу мен мазақ етудің негізгі себебі – екеуінің де орыс тілінде сөйлеуі болған.
"Біз бұған көз жұма қарасақ, ертең бұдан да сорақы жағдайға куә боламыз. Депутаттар дереу шара қолдануы керек. Орыстілді аудиторияға қарсы осындай оспадар әрекетке барғандарды Ресейге кіруіне тыйым салу қажет", – деді Володин өзінің Telegram каналында.
Бұған дейін РФ президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі кеңестің (АҚК) халықаралық ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы Қырғызстандағы орыстарды қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге шақырған.
ТМД елдерімен әріптестік жөніндегі агенттік төрағасы Евгений Примаков полицейлердің кассир қыздың қырғызша сөйлеуін талап еткен азаматты босата салғанына аң-таң.
"Мұндайлар оңбағандарды орнына қоюға міндеттеміз. Бұзақыны босата салған полицейлердің әрекетіне қайранмын. Сонда орысша сөйлеген қызды ұрып-соғу қырғыз қоғамы үшін қалыпты дүние ме?", – дейді Примаков.
https://www.youtube.com/watch?v=ZyzRAkDe2tQ