Жансейіт Түймебаев халықтың ұсыныс, пікірін тыңдады

Dalanews 06 нау. 2018 05:10 818

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Қошқар ата, ескі қалашық және Шымкент қаласында салынатын арбаттардың жобаларымен танысты. Естеріңізде болса, өңір басшысы жуырда ғана Шымкент қаласындағы тарихи маңызға ие нысандары мен арбат салуға болатын көшелерді аралап шығып, туристік жобаларды жүзеге асыру бойынша сала мамандарына бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Солардың бірі «Қошқар ата» өзенінің бойынан саябақтар мен аллеялар, ескі қалашық маңынан ашық аспан астындағы мұражай салу жұмыстары. Мамандар жоба бойынша аталған аумақтардағы бірқатар жеке тұрғын үйлер, комерциялық нысандар мен жекешелендірілген жалпы аумағы 5,55 гектарды құрайтын жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу жұмыстарын атқару керектігін жеткізді. Өңір басшысы шараға қатысқан жергілікті тұрғындарды алдағы уақытта атқарылатын осындай шаруаларға түсіністікпен қарауға шақырды.

– Шымкент қалашығының көне археологиялық кешенін мұражайландыру мақсатында ағымдағы жылы бірқатар жұмыстарды атқаруымыз тиіс. Оның ішінде, белгіленген жоспар бойынша 118 нысан мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл нысандар Қарасу өзенінің бойында 30 метр қашықтықта орналасқан. Осындай жақсы жаңалықтармен бөлісіп өздеріңізбен талқылауды жөн көріп отырмыз. Сіздерді оңтайлы ой-пікірлеріңізді ортаға салуға шақырамын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Өз кезегінде сөз алған қоғам белсенділері мен қала тұрғындары атқарылып жатқан шаруаларға халық дән риза екенін айтты. Әсіресе, қараусыз қалған өзен бойындағы абаттандыру жұмыстары көптің көңілінен шығып отыр.

– Бүгінде әкімдіктің араласуымен Қошқар ата өзенінің мәселесі Ордабасы алаңына дейін шешілді деп айтуға болады. Ендігі проблема Ескі қалашық маңындағы жеке тұрғын үйлер болып отыр. Кеңес үкіметі кезінде қазіргі 21 мөлтекауданында да жер үйлер болған. Олар кезең-кезеңімен сүріліп, орнына көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Тәуелсіздік алған жылдары бұл жұмыстар тоқтап қалды. Меніңше осындай тәсілмен Ескі қалашықты да жаңартып алуымыз керек, – деді өлкетанушы Кеңес Исмайлов.

Сондай-ақ, жиында сөз алған қоғам белсендісі Жанысбек Өтеген облыс басшысының халықпен ақылдаса отырып, атқарған жұмыстарына қуанатынын жеткізді. Ол саябақтар мен арбаттарға қазақ халқының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан тұлғаларға арнап ескерткіш қоюды ұсынды. Өңір басшысы айтылған ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта ескерілетінін жеткізді.



 

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

 

https://dalanews.kz/27771

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар