2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда Президент қол қойған №253-VIII Құрылыс кодексі күшіне енеді. Осы сәттен бастап құрылыс саласы жаңа ережелер бойынша жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тұрғын үй нарығына қатысушыларға – құрылыс компанияларына да, сатып алушыларға да әсер ететін негізгі өзгерістер туралы Qazaq Expert Club сарапшысы, құрылыс саласының маманы Диляра Сейтнурова айтып берді.
Оның сөзінше, бұған дейін сала өзара үйлесімі әрдайым сақтала бермейтін заңдар мен заңға тәуелді актілер жиынтығымен реттеліп келген. Ал жаңа кодекс бірыңғай жүйе қалыптастырып, нысанның бүкіл өмірлік циклін – жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейін қамтиды.
Сарапшының айтуынша, ең алдымен кепілдік міндеттемелер мерзімі ұлғаяды: енді нысанға – 5 жыл, ал конструктивтік элементтерге – 10 жылға дейін белгіленеді.
«Көптеген күрделі ақаулар – жарықтар, қабырғалардың тоңуы, конструкциялық мәселелер – алғашқы жылы емес, кейінірек байқалады.
Сонымен қатар кепілдік тек дұрыс рәсімделген қабылдау кезінде ғана жұмыс істейді. Егер қабылдау актісі ескертусіз қол қойылса, нысанды тапсырған сәтте ақау болғанын дәлелдеу әлдеқайда қиын болады. Сондықтан қабылдау кезінде фото, видео түсіру және келіспеушілік актісін жасау міндетті тәжірибеге айналуы тиіс», – дейді Сейтнурова.
Тағы бір маңызды жаңалық – адал емес құрылыс салушылардың тізілімі енгізіледі. Бұл реестр eGov және Өнеркәсіп және құрылысқа жауапты мемлекеттік органдар порталдарында орналастырылады. Мұндай құрал нарықтың ашықтығын арттырып, сенімді компанияларға бәсекелік артықшылық береді, ал сатып алушылар тәуекелді алдын ала бағалай алады.
Сарапшының пікірінше, көп жағдайда еленбей қалатын өзгерістердің бірі – егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын (ПДП) түзетуге қойылатын шектеулер. Енді мұндай өзгерістер екі жылда бір реттен жиі енгізілмейді және тек бас жоспар аясында жүзеге асады.
Бұл бұрын бекітілгеннен кейін құрылыс параметрлерін – тығыздық, қабат саны, функционалдық мақсатын – нақты жобаларға бейімдеп өзгерту тәжірибесін шектейді.
Мұның нәтижесінде қалалардағы ретсіз құрылыс азаюы тиіс. Яғни қоғамдық кеңістіктердің орнына немесе аз қабатты аудандарда көпқабатты ғимараттардың пайда болу жағдайлары сирек кездеседі.
Сонымен қатар, Сейтнурованың пікірінше, кодекс сатып алушыларды қорғауды күшейткенімен, тұрғын үй бағасының төмендеуіне әкелмейді. Керісінше, талаптардың күшеюі, кепілдік міндеттемелердің артуы және жобалардың икемділігінің азаюы шаршы метр құнына әсер етеді.
«Жаңа Құрылыс кодексі нарық үшін анағұрлым ашық әрі қатаң ережелерді қалыптастырады. Құрылыс салушыларға қойылатын талаптар артып, “көлеңкелі” тәжірибелер қысқарады. Ал сатып алушылар үшін қорғаныс деңгейі жоғарылайды.
Алайда құрылыс сапасының айтарлықтай жақсаруы бірден байқалмайды, бұл бірнеше жыл ішінде, жаңа нормалар барлық кезеңде жүйелі түрде қолданылған кезде көрінеді», – деп түйіндеді Диляра Сейтнурова.
