Енді елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға арбалар мен протездер жалға беріледі

Қаракөз Амантай 21 сәу. 2026 10:49

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін оңалту құралдарын ұсыну тәртібі өзгеруі мүмкін. Енді мұндай құралдар қайтарым негізінде жалға берілмек. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі жүйе бойынша оңалту құралдары азаматтарға біржола беріліп келген. Алайда бұл тәсіл олардың нақты техникалық жай-күйін, тозу деңгейін және жөндеу мүмкіндігін толық ескермейді. Осыған байланысты жаңа механизм енгізіліп, құралдар уақытша пайдалану шартымен беріліп, кейін қайта қабылданады.

Жаңа тәртіпке сәйкес, пайдаланудан қайтарылған техникалық құралдар арнайы сараптамадан өтеді. Оның қорытындысына қарай, құралды жөндеуге, қайта пайдалануға, жалға беруге немесе есептен шығаруға қатысты шешім қабылданады.

Егер ақау анықталса, құрал жөндеуге жіберіліп, кейін қайта айналымға енгізіледі. Ал пайдалануға жарамсыз деп танылса, есептен шығарылып, өтініш берушіге жаңасы ұсынылады. Ведомство басшысы бұл тәсіл оңалту құралдарына қолжетімділікті арттырып, оларды беру мерзімін қысқартатынын атап өтті.

Жоба биыл маусым айынан бастап Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында пилоттық режимде іске қосылады. Ал оны ел көлемінде кеңейту жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove