Ақтөбеде AMANAT партиясы атынан сайланған қалалық мәслихат депутаты Аслан Қайырғалиевке тойдағы әрекеті үшін сөгіс жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода шенеунік қалың жұрттың көзінше бума-бума ақшаны беташар табағына мақтанышпен салып жатқаны көрінеді. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, сынға ұшырады.
Айта кетейік, депутаттың әкесі Асқар Қайырғалиев қазіргі уақытта Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданы әкімі қызметін атқарады.
Оқиғаға қатысты түсініктеме берген Аслан Қайырғалиев аталған қаражаттың өзіне тиесілі емес екенін, оны достары ортақ сыйлық ретінде жинағанын айтты. Сонымен қатар ол AMANAT партиясының депутаты ретінде көпшілік алдында орынсыз әрекетке жол бергенін мойындап, алдағы уақытта мұндай жағдайды қайталамауға уәде берді.
