15 жыл бойы Apple компаниясын басқарған Тим Кук тізгінді ұзақ жылдан бері осы жүйеде еңбек етіп келе жатқан Джон Тернусқа тапсырмақ. Ресми ауыс-түйіс 2026 жылы 1 қыркүйекте өтеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тим Куктың жетекшілігімен компанияның нарықтағы құны 4 трлн долларға жетті. Енді ол директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы қызметіне ауысып, әлемдік көшбасшылармен байланысқа және Қытай бағытындағы жұмыстарға ден қоймақ.
Apple-дың жаңа бас директоры 50 жастағы Джон Тернус болмақ. Ол компанияда 25 жылдан бері еңбек етеді. 2021 жылдан бастап аппарат инженерия бағытын басқарады. Компания ішінде оны "Кіші Тим" деп атайтындар да бар.
Джон Тернус - көпшілік алдына жиі шықпайды, десе де өніммен тікелей жұмыс істейтін инженер әрі стратег. Оның алдында тұрған басты міндет - жасанды интеллект бағытын күшейту. Сарапшылардың сөзінше, қазір бұл салада Apple біршама артта қалып отыр.
Жаңа басшының жетекшілігімен компания жасанды интеллектіге негізделген көзілдірік, камерасы бар ақылды алқа, жаңартылған AirPods және үйге арналған робот техникасын әзірлеуді қолға алмақ.
