Алматыда Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті

Көркем Алдабергенова 21 сәу. 2026 11:50

Алматыда Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өткен қаралы жиында зиялы қауым өкілдері, ақынның жақындары мен оқырмандары жиналды.

Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов жүргізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жеделхатын Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев жеткізді. Хатта Мұхтар Шахановтың қазақ поэзиясы мен ұлттық руханиятқа қосқан зор үлесі атап өтілді.

Мәулен Әшімбаев ақынның ел мүддесін қорғаған қайраткерлігіне, азаматтық ұстанымы мен ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі еңбегіне тоқталып, оның жарқын бейнесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Мәжіліс төрағасы шетелдік іссапарда болуына байланысты, оның көңіл айту хатын бір топ депутат Астанадан арнайы келіп жеткізді. 
Сонымен қатар, Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары - Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі, Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қатысты. 
 
Одан бөлек, көршілес елдердің арнайы өкілдері де келіп, ақынды жоқтады. Шараға Қырғызстанның президенті Садыр Жапаровтың кеңесшісі Шолпанбек Әбіқаев қатысып, құрмет көрсетті. 
 
Мұхтар Шахановтың өмір жолы тек әдебиетпен шектелген жоқ.
 
Ол журналистикадан бастап, саясатқа дейінгі кең ауқымда қызмет етті. Кезінде КСРО Жоғарғы Кеңесі мен Қазақстан Парламентінде депутат болды, ұлттық мүдде мәселелерінде батыл позициясымен танылды.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысты Кремль мінберінен сөз сөйлеген санаулы тұлғалардың бірі еді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove