Жаңа Қазақстанның полициясы халықпен сөйлесу мәдениетін меңгеруі керек – Мәжіліс депутаты

Dalanews 25 шіл. 2022 09:41 208

Саланы реформалау аясында құқық қорғау қызметкерлері, әсіресе жол полициясына жұртпен сөйлесу мәдениетін үйрету, оқыту қажет.

Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтың айтуынша халық тарапынан түсетін арыз-шағымдардың дені полиция қызметкерлерінің дөрекілігімен байланысты.

«Құқық қорғау саласын реформалау кезек күттірмейтін мәселе. Соның ішінде жолдағы тәртіпті қадағалаумен айналысатын автоинспекция қызметкерлеріне елдің тарапынан қойылар сауал көп. Иә, бес саусақ бірдей емес, өз кәсібіне адал, жолдағы жұртқа құрметпен қарайтын, ереже бұзса, барлығын заң шеңберінде түсіндіріп беретін кәсіби кадрлар бар. Десе де, кейбір полицейлер жол ережелерін жетік білмейтіні көзге ұрып тұрады», – дейді депутат.

Шиповскихтің атап өткеніндей, депутаттардың халықпен жүздесуінде, жұрттың тарапынан «жолполға» қатысты шағым жиі түседі.

Халық полиция қызметкерлерінің өз құзіретін асыра пайдаланып, көп жағдайда дөрекілік көрсеткеніне ашынады. Сөйлесу мәдениетін, қарапайым этиканы меңгермеген полицейлер күллі саланың жұмысына кесірін тигізуде.


Сөй деген Мәжіліс депутаты: құқық қорғау жүйесін реформалау аясында полиция қызметкерлерін сөйлеу мәдениетіне үйретуіміз керек дейді.

“Құқық қорғау саласында тер төгіп жүрген әрбір азамат этика кодексінің ережелерін жетік меңгеруі тиіс. Полиция қызметкерлерінің дөрекілігін әшкере еткен әлеуметтік желідегі видеолар бұл мәселеде үлкен олқылық барын көрсетеді. Сондықтан реформа мәдениеттен басталуы тиіс», – дейді халық қалаулысы.

Ал Ішкі істер министрлігінің айтуынша, бұл мәселе ведомство басшылығының бақылауында. Министрлік тарапынан полиция қызметкерлерінің мәдениетін көтеруде кешенді жобалар қолға алынған.


«Осы күнге дейін Ішкі істер саласына кадр дайындап келген 20-ға жуық оқу орындарының саны қысқарып, қазір 6-ы ғана қалды. Талапты күшейттік. Полиция қызметкерлерін дайындайтын оқу орындары бұдан былай тәртіп сақшыларының жұртпен тілдесу мәдениетін дамытуға басымдық береді. Осы мақсатта аталған оқу орындарындағы ұстаздар құрамын жаңартып, дәріс беру ісіне қоғам белсенділерін тарттық.

Бір кездері әскерге барып келгендер ертесіне-ақ полицияға орналасатын еді. Қазір бұл жүйе жойылды. Құқық қорғау жүйесін реформалау аясында 8 мыңға жуық сержант лауазымын офицерлік лауазымға ауыстырдық. Яғни, бұдан былай бұл лауазымға жоғары білімі бар, өмірлік көзқарасы қалыптасқан азаматтар ғана қабылданады», – дейді Мәжіліс депутатына жауап қатқан ведомство басшылығы.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар