Жаңа Қазақстан: Дариға бизнесін жоғалтып жатыр

Dalanews 19 шіл. 2022 05:56 1004

Белгілі журналист Ибраш Нүсіпбаевтың пікірінше Дариға Назарбаева Қазақстанда заңсыз жолмен тапқан капиталынан айырылуда. 

Ұзақ жылдар бойына еліміздегі ең беделді деген ақпарат құралдарына иелік еткен Назарбаева қазіргі жағдайда өзіне тиесілі масс-медианы асырай алмасына көзі жеткен.

"Дариғаның сойылын соғып, сөзін сөйлеген "Караван" газеті жабылып тынды. Газет қыркүйектің бірінен бастап баспаға жіберілмейді. Әулеттің абыройын қорғап, Назарбаевтың саясатын ұлықтаған басылымның соңғы жылдары сұраныстан қалып, таралымы төмендеп кеткені өтірік емес", – дейді журналист.

Оның атап өткеніндей Дариға Назарбаева басылымды барымталап алған. 1991 жылы белгілі сценарист Борис Гиллердің күшімен ашылған "Караван" газеті кейін келе Рахат мен Дариғаның көзіне түскен.


"Гиллер "Караванның" таралымын арттыру үшін барын салды. Биліктің ығына жығылмайтын сауатты сараптамалар, журналистік зерттеулер жарық көрді. 90-шы жылдардың басына "Караванның" таралымы артып, мол түсім түсіретін медиа жобаға айналды. Гиллер таралымнан түскен қаражатқа жеке баспа сатып алып, кейіннен КТК телеарнасының иесі атанды.

Міне, сол тұстағы тұрақты табыс кіргізіп тұрған бизнеске Рахат пен Дариғаның көзі түсті. Рейдерлікпен айналысып, талайды қан қақсатқан ерлі-зайыптылар Гиллердің "қол-аяғын сындырып", әлгінің бизнесін көк тиынға сатып алды. Тірі қалмасын сезген Гиллер Қазақстаннан қашып, шетелде бой тасалауға мәжбүр болды", – дейді Ибраш Нүсіпбаев.

Кейін келе "Караван" газеті әулеттің жағымды образын қалыптастырып, биліктің идеологиясымен айналысатын медиа құралға айналған. Дариға мен Рахат кәсіпкерлердің қалтасын қағып, "Караванға" инвестиция құюға мәжбүрлеген.

"Жаңа Қазақстан Дариғаны алқымнан алып, жегенін желкесінен шығартып жатыр. Түрмеге қамалу қаупінен қорыққан Назарбаевтың қызы бір кездері рейдерлікпен тапқан бизнесін ерікті түрде мемлекет есебіне қайтаруда.

Дариғаны капиталы мен бизнесінен айыру процессі мұнымен шектеліп қалмайды, ол әлі көресіні көреді. "Караван" осы науқанның бастамасы ғана, Қазақстандағы өзіне тиесілі ақпарат құралдарын асырай алмасын түсінген Назарбаева тығырыққа тірелді. "Караваннан" кейін Дариғаға тиесілі барлық ақпарат құралдары не жабылып, не сатылып тынады. Халыққа ықпал ететін тетіктен арылған Дариғаның дәурені аяқталуға тақау", – дейді журналист.

https://dalanews.kz/news/79466-23-shildede-aqtobede-olimpbet-baygeden-qazaqst

https://dalanews.kz/del-qazir/79450-zhogary-sot-tanymal-zhurnalisterdi-tol

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар