Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл құжаттың мақсаты — кәсіпкерлердің жағдайын жақсартып, экономикаға мемлекеттің қатысын азайту. Сонымен бірге бизнеске кететін шығындарды азайту арқылы кәсіпкерлерге еркіндікті қамтамасыз етуді көздейді. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Қандай шаралар жоспарланып отырғанын шолып өтейік:
- ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендірілуі керек мемлекеттік активтер критерийлерін әзірлеп, олардың тізімін жасайтын Жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құрылады;
- «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның еншілес компаниялары өз алдына дербес әрі сапалы жұмыс істеуіне жағдай жасайтын шаралар бар;
- Тауар нарығында бәсекені арттыратын шаралар қарастырылады;
- Бизнес бастап, жүргізуге арналған реттеу саясаты одан әрі жетілдіріледі;
- Жарлықта бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау, мемлекеттік органдар бастамашылық ететін тыйым салу-шектеу шараларын прокурорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешені жеке блок ретінде берілген.
«Жарлықтың жүзеге асырылуы экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді», — деп жазады президенттің баспасөз қызметі.
Сонымен қандай тапсырма берілді?
- 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін көмірсутек саласында қызмет көрсететін ұлттық компаниялар үш жыл ішінде тікелей келіссөздер арқылы жер қойнауын пайдалану құқығын алуға басым құқық өткізбеген жер қойнауы учаскелерін электрон аукцион арқылы өткізуге тиіс. Яғни үш жыл ішінде ҚазМұнайГаз бен QazaqGaz ұлттық компаниялары резервтелген мұнай-газ учаскелері бойынша жер қойнауын пайдалануға келісімшартқа қол қоймаса, онда бұл учаскелер онлайн-аукциондарға шығарылады деген сөз.
- 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін экономика салалары арасында және ішінде (электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру қызметтері) тарифтерді кросс-субсидиялау біртіндеп алып тасталады.
- 2024 жылғы 31 желтоқсандағы дейін азаматтарға өтемақы төлеу шарасының тиімді тетігін іске қосылып, дижитал технологиялар көмегімен коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек пен тұрғын үй төлемін ұсыну мәселелері пысықталады.