Бірінші, әрбір қазақстандық сөз бостандығы шектелмеген, шынайы ақпаратқа қол жеткізуі керек. Екінші, ақпараттық кеңістік сапа жағынан дамып, халық арасында сұранысқа ие болуы тиіс. Үшінші, сенім және құпиялылық.
Кез келген БАҚ бұрмаланған, жалғандыққа негізделген ақпаратты емес, анық, тексерілген мәлімет беруге мүдделі. Бұл ретте біреудің жеке өміріне қол сұқпау, жеке және отбасылық құпияны сақтау, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мәселесі тағы бар. Доктрина өз деңгейінде жүзеге асса, ақпарат саласында жүйе орнап, сапасы жоғары, бәсекеге қабілетті болатыны сөзсіз.
Қоғамды ұйыстыруға және азаматтық тұтастықты нығайтуға ықпал ете отырып, ұзақ мерзімді даму жолында ақпараттық саясаттың векторы мен мазмұнын айқындайтын құндылықтар доктринаның маңызды тұсы. Яғни, доктрина мемлекет пен қоғам арасында тиімді байланыс орнатып, мемлекеттік саясатты қалыптастыруға тікелей атсалысады.
Ақпараттық доктрина жайында талай жыл осы саланың қазанында қайнаған мамандар не дейді? Сөз бостандығы ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға кепілді бере ала ма?
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің пікірінше, бұл құжатта отандық ақпарат саласын дамыту жөніндегі көзқарастар мен қағидаттар жүйесі, оның ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру тетіктері айқындалған.
«Ақпараттық доктринаның қабылдануы – маңызды мәселе. Қазіргі таңда көптеген БАҚ мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржыландырылады. Негізінен алғанда мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік саясатпен тығыз үйлесуі шарт. Мемлекеттік саясат өзегінде мемлекет мүддесі жатыр. Дәстүрлі БАҚ осы мақсатқа қызмет етеді.
Қазір республикамыздағы аудандық, қалалық, облыстық басылымдардың жағдайы мәз емес. Бірқатар өңірде аудандық газеттер жекешелендірілді. Аудан әкімдіктері мен мәслихаттары арқылы қаржыландырып отырғандары да бар. Қалалық және облыстық газеттердің ғана емес, республикалық газет-журналдардың тиражы жыл өткен сайын төмендеп барады. Тираж бен газетті тарату мәселесі талай редакцияның бас ауруына айналған. Жалпы, дәстүрлі БАҚ-тың жағдайы қыл үстінде тұр. Балаларға арналған газет-журналдар шығуын тоқтататын халге жетті. Сондай-ақ салалық басылымдар тағдыры не болады? Мемлекеттік тапсырыс не үшін беріледі? Ақпараттық доктринада көрсетілгендей: отандық ақпараттық саланы дамыту, қоғамның мүдделеріне жауап беретін және мемлекеттің одан әрі дамуына ықпал ететін идеялық құндылықтарды бекітеді», – дейді.
Сенатордың пікірінше, доктринада баспа нарығының жұмыс істеу форматын өзгертіп, тілшілердің сараптамалық-талдау ақпаратына ойысуы, көрнекі, дизайнерлік жаңалықтарды енгізу жағы да қозғалған.
«Бүгінде азаматтардың 9 пайыздан астамы үшін баспасөз әлі де негізгі ақпарат көзі. Қызығушылық деңгейі оқырман жасына тікелей тәуелді, яғни оқырман неғұрлым ересек болса, басылымдарды соғұрлым жиі оқиды. Газет-журналдар аудиториясының көп бөлігін ауылды жерлерде тұратын 50-55 жастан асқан адамдар құрайды. Алайда жалпы аудиторияның баламалы коммуникация арналарына көшуі басылымдарға деген қызығушылықтың төмендегендігін көрсетеді», – делінген.
– Сенімді ақпаратты тарату, жалған және манипуляциялық ақпаратқа қарсы тұру, сондай-ақ қоғамның бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімін арттыру мәселелері өзекті. Сенімді ақпарат көзі – дәстүрлі БАҚ. Бұл басы ашық нәрсе. Тасқа басылған сөзді талай ғасыр өтсе де тауып алуға болады. Ал қаптаған сайттардағы жарияланымдарды іздеп табудың өзі үлкен мәселе. Ал оның сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды.
Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық доктрина ақпараттық кеңістігіндегі түйткілді шешуге, ең бастысы мемлекеттік мүддені ескеруге жол ашады деген үміттеміз», – дейді сенатор.
Ал сенатор Бибігүл Жексенбайдың айтуынша, қазіргі кезең ақпараттық дәуір болғандықтан түрлі жағымсыз жаңалықтар мен жалған ақпар әлеуметтік желілерде желдей есіп жүр.
«Сорақысы, оны тіпті кейбір БАҚ көшіріп беретін кездері де болады. Оқырман, көрермен, тыңдарман өтірік-шыны араласқан ақпараттар тасқынынан адасатын кез аз емес. Ал оның алдын алу үшін қоғамның сондай сын-қатерлерге қарсы иммунитеті болуы шарт. Тағы бір маңызды мәселе, сарапшылар пікірінше, «мемлекет-қоғам-азамат» өзара қатынастар жүйесінде коммуникацияның төмендігі, халықтың ақпараттық сауатсыздығы байқалды. Сондықтан «Ақпараттық доктрина» өзіне бірқатар міндеттерді жүктейді», – дейді ол.
Оның пікірінше, доктрина жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың мемлекеттік тетігін жетілдіруге, ақпараттық процестің барлық қатысушылары арасында тиімді коммуникациялар жүйесін құруға мүмкіндік береді, Әділетті Қазақстанды құру бағыты аясында ақпараттық саланың міндеттерін шешуге ықпал ететін болады.
– Доктринаны іске асыру аясында қабылданып жатқан шаралар кешенді тұрғыда отандық ақпараттық өнімнің және тұтас саланың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ақпараттық өрістің негізгі саяси-идеологиялық бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етуге, сыртқы ақпараттық ықпалды тежеудің тиімді тетіктерін тұжырымдауға; халықаралық деңгейде сапалы ақпараттық қатысуды арттыруға; саланың нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге ықпал етуге тиіс.
Доктринада мәлімделген ақпараттық саладағы қоғамдық қатынастардың барлық субъектілерінің негізгі өзара іс-қимыл қағидаттарының сақталуы елдің медиасаласын жаңа сапалық, бәсекеге қабілетті даму деңгейіне шығарады. Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін қамтамасыз етеді. Қоғамдағы жаңа құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік ашады.
Бұқаралық ақпарат мәселесі мемлекеттік маңызды істердің алдыңғы қатарында болу қажеттігін өмір көрсетіп отыр. БАҚ-ты, ақпараттық қауіпсіздікті ұмытқан мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиын. төрт құбыласы түгел мемлекет дей алмаймыз. БАҚ-тың шын мәніндегі миссиясы қалай болуы керектігін де осындай құжат дәлелдей түседі деп сеніміз, – деді сенатор.