Қазақстанда алаяқтар "ұтыс лотереяларын" ойнату арқылы орындықтарға арналған массаж жабындыларын нарықтағы бағасынан 10 есе қымбатқа сатуда. "Ұтыс ойнауға" келіскен адамдардың атына тура сол арада несие рәсімделіп, ал "тегін сыйлықтар" миллионға айналып шыға келетін болған. Әсіресе, осындай акция құрбаны болған қостанайлықтар Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіне шағымданған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Конверт суыруды ұсынатын "ұтыс лотереясын" ойнатушылар көшедегі адамдарға жақындайды. Конвертті ашқанда олардың бірі шаңсорғыш, тағы бірі үтік, сол секілді микротолқынды пештер және басқа да құнды сыйлықтарға ие болғаны белгілі болады. "Сыйлықты" табыстау үшін көшедегі адамдар дәмханаға немесе мейрамханаларға шақырылады. Бірақ, ол арада "ұтысқа ие болғандарды" нағыз тұзақ күтіп тұрады.
"Сыйлықпен бірге ұтыс ойнатушылар массаж жабындыларын сатып алуды ұсынады. Егер сатып алушының қолында ақшасы болмаса, сатушылар банктік қосымшалар арқылы дәл сол арада несие рәсімдейді. Нәтижесінде "тегін сыйлық" тұтынушыға 1 миллион теңгеден астам шығын әкеледі, ал тауар нарықтық құнынан 10 есе қымбатқа түседі", – деп түсіндіреді тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті.
Мұндайда өз құқықтарыңызды қалай қорғауға болады?
Құзырлы ведомство мамандары бұл ретте мыналарды еске салады:
- Сатып алғаннан кейін 14 күн ішінде тауарды кері қайтаруға болады;
- Сатып алу фактісі мен қайтару сомасын көрсете отырып, сотқа дейінгі талап қою арызын толтыру қажет;
- Сатушы шағымды 10 күн ішінде қарауға міндетті;
- Егер сатушы көрсетілген заңды мекен-жайында болмаса, сотқа жүгініңіз;
- Сондай -ақ, банкке жосықсыз сатушы туралы хабарлау ұсынылады, бұл олардың шоттарын бұғаттауға көмектеседі.
Мамандар "тегін сыйлық" акциялары агрессивті маркетинг пен психологиялық қысымды жиі пайдаланатынын еске салады. Сондықтан ел азаматтарына қырағы болуға және сатып алу шарттарын тексермей, ешбір құжатқа қол қоймауға кеңес береді.