Әлеуметтік желіде Жамбыл облысында ұйымдастырылған қызғалдақтар мерекесі жұрттың наразылығын туғызды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жамбыл облысында өткен сенбіде, 3 мамырда "Қызғалдақ мұра" атты фестиваль өтті. Іс-шараға 5000-нан аса адам жиналған. Әлеуметтік желіде тұрғындардың шағымы пайда болды. Негізгі мәселе тасымалдауға байланысты.
"Жолдағы балалардың жартысын алып кетуді сұрағанымызда полицейлер қатысы жоқ екенін айтып, бізді айналып өтті", - деді жергілікті тұрғындар.
Әкімдік өкілдері іс-шараға тіркелмей келгендердің қарасы көп болып, тасымал тұрғысында мәселе болғанын мәлімдеді.
"Өңірімізде Қаратау бөктерінде ұйымдастырылған "Қызғалдақ мұра" фестивалі үлкен ауқымда өтті. Алдын ала хабарланғандай, "Қызғалдақ мұра" сайтында 3232 адам тіркелген болса, 2000 адам тіркелмей барды. Жалпы адам саны 5000-нан асты. Жеке көлікпен келгендер саны 4000 адамға жуықтады. 700-ден аса жеке көлік, оның ішінде жеке спринтерлер болды. Азаматтарды тасымалдаудағы басты кедергі – жолдың бір жолақты болуы және тасымалдаушы көліктердің бір-біріне кедергі келтіруі.
Әкімдік өкілінің айтуынша, халық фестивальдан ерте қайта бастаған.
"14:00-15:00 аралығында адам легі көбейе түсті. Мен өзім барлық азаматты 17:20-де отырғызып жібердім. Барлығы жауапкершілікпен өтті. Зардап шеккендер болған жоқ. Әрине, бұл бағыттағы ауқымды шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылғандықтан, кейбір келеңсіздіктер болды. Ол алдағы уақытта сабақ әрі үлкен тәжірибе болары сөзсіз. Дегенмен қонақтар мен шетелдіктердің, ғалымдардың берген оң бағасы мен жақсы пікірі фестивальдің өз деңгейінде өткенін көрсетеді", - деді ол.