Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылды

Жарбол Кентұлы 10 шіл. 2024 11:38 3777

Жамбыл облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы кең көлемде өткізілуде. Акция аясында облыстың барлық аудандарында қоғамдық орындарды, көшелерді, базарлар аумағын, су айдындарының жағалауларын тазарту жұмыстары жүргізілді.

Іс-шаралар экологиялық мәдениетті арттыру, өрт қауіпсіздігін сақтау, қоғамдық орындарды, көшелер мен су айдындарын жиналған қоқыстардан тазартуды көздейді.

Акция аясында бірқатар тазалық шаралары ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 7 шілдесі күні Сарысу ауданы аумағында қатты жауын-шашын салдарынан көлбеу ағын қалыптасып, бірқатар көшедегі 400-ден астам үйдің ауласы, 47 үйдің іші мен 1 мектептің жертөлесін су алды. Ағын сумен бірге қырдағы тал-дарақтар мен қоқыстар ауыл көшелерін басып қалды. Осыған орай, «Таза Қазақстан» акциясы аясында қазақтың ежелгі салтымен «Асар» дәстүрі қолға алынды. Яғни, Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Байзақ және Талас аудандарының еріктілері зардап шеккен көшелерге асарлатып тазалау жұмыстарын жүзеге асырды. Оған 150-ге жуық азамат қатысты.

– Ағын судың салдарынан ауылдағы ағайынның әбігерге түскені рас. Көше толы топырақ пен тал-дарақты тазалау оңайға соққан жоқ. Осы орайда, қазақтың көне дәстүрі негізінде асарлатып келіп жатқан өзге аудандағы бауырларымызға алғысымызды білдіреміз. Қандай қиындықты болмасын ауыз біршілікпен еңсерген еліміздің болашағы жарқын бола берсін, — деді Сарысу аудандық жастар орталығының директоры Асылжан Пазылбеков.

Сонымен бірге бастауын Қырғыз елінен алатын Талас өзенінің жағалауын қоқыстардан тазарту жұмыстарына волонтерлер тартылды. «Жастар Таза Қазақстан үшін!» экологиялық акциясына 200-ден астам ерікті қатысты. Олар жағалаудағы шашылып жатқан пластик қалдықтарды жинап, 400 қап қоқысты арнайы орынға апарып төкті.

Сонымен қатар Тараз қаласының «Көктем» алқабында, Байзақ, Қордай, Сарысу аудандарындағы облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың бойында, саябақтар мен орталық көшелерде қураған шөптерді шабу жұмыстары өткізілді.

Тұрғындар арасында тазалық мәдениетін артыру мақсатында белсенді азаматтардың, волонтерлердің бастамасымен Тараз қаласындағы Талас өзені, Жуалы ауданындағы Теріс өзені, «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының Нұрлыкент, Қызыларық ауылдарындағы жағалаулары қоқыстардан тазартылып, белсенді қатысушылар марапатталды.

Сонымен бірге Жамбыл ауданы, Аса ауылында волонтерлер арасында конкурс, Талас ауданында «Таза көше», «Таза аула» байқаулары өткізілді. Конкурстарға аула тұрғындары қатысып, белгіленген аулалар сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байзақ ауданының Қостөбе және Сарыкемер ауылдық округтерінің аумағында белсенді азаматтар, еріктілер, депутаттар Тараз-Сарыкемер жолының бойы, жаяу жүргіншілер жолдарын тазалау, көгалдарды шабу жұмыстарын жүргізді.

Қордай ауылының кіре берісінде орналасқан «Барыс-2» базары негізгі сауда нысаны болғандықтан, әрі өзге аймақтардан ауыр жүк көліктері көптеп келгендіктен базар аумағы қоқысқа толып жатады. Осыны ескеріп, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға ынталандырып, таза әрі жайлы орта құруға бағыттау мақсатында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Еріктілер мен жергілікті тұрғындар базар аумағын қоқыстан тазартып, жол бойындағы және сауда орындарындағы аймақтарды ретке келтірді. Сондай-ақ қатысушылар базар маңайындағы жасыл желектерді суғарып, ағаштар мен гүлдерді ретке келтіру жұмыстарын атқарды.

Жалпы, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, оған 500 мыңнан аса жамбылдық белсенді қатысқан. Оның ішінде, тұрғындар, ардагерлер мен жастар, ҮЕҰ өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар.

Акция аясында 320 мың м² әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің, 206 мың м² отын-энергетика кешендерінің, 108 мың м² емдеу орталықтарының, 508 мың м² оқу орындарының, 280 мың м² шағын және орта кәсіпорындардың аумақтары күл-қоқыстан тазартылды. 818 шқ канал мен арық жүйесі, 125 мың тұрғын үй ауласы және 4,5 мың шқ көше тазаланды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. 2,4 мың ағаш бұталанып, 455 мың м² жасыл желек суғарылды.

Бұдан бөлек, 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағына тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде.

12 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 910 бірлік техника тартылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар