Жамбыл облысында әлдекімдер 14 жастағы қызды ұрлап әкетіп, зорлаған

Сағыныш Сардарова 02 жел. 2025 09:33

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысында 14 жастағы қыз жүкті екені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мән-жайы

Мәліметке сүйенсек, оқиға Қордай ауданында болған. Оның отбасының айтуынша, 14 жастағы мүгедектігі бар қызды әлдекімдер екі рет ұрлап, жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратқан, соның салдарынан қыз жүкті болып қалған. Анасының айтуынша, құқық қорғау органдарына арыз түскен кезде қызды үшінші рет ұрлап әкетіп, қайтадан зорлық-зомбылыққа ұшыратқан.

"Менен басқа кімің бар қарайтын саған?! Кішкене шыда енді аман-сау босанып аламын дегенше. Осы уақытқа дейін шыдадың ғой. Аман-сау босанып ал, Алла тағалам көмектес", - видеода қыздың анасы.

Полиция пікірі

Жамбыл облысы Полиция департаменті жағдайға пікір білдірді.

"Кәмелетке толмаған қызына қатысты заңсыз әрекеттер туралы анасының арызы бойынша полиция дереу соталды тергеп-тексеруді бастады. Күдікті жедел анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Қазір тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іске қатысушылардың барлық жауабы тексеріліп, дәлелдер жиналып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Полиция мәліметінше, толық және жан-жақты тергеп-тексеру нәтижесі бойынша заңды шешім қабылданады.

Білім басқармасы не дейді?

Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы мәліметінше, тергеу барысында жасөспірім "жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі" диагнозымен үйден оқытылатын бала екені анықталған.

"Қазір мектептің психологиялық-педагогикалық қолдау жұмысын күшейту, қамқоршылық органы және полициямен бірлескен бақылауды арттыру, жасөспірімнің отбасымен әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар атқарылып жатыр. Кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы шаралар қатаң бақылауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу нәтижелері бойынша заңға сәйкес тиісті шешімдер қабылданады. Өзге мәліметтер тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды", - деп жазылған хабарламада.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар