Бүгін Мемлекет басшысының өкімімен Ерұлан Жамаубаев ҚР Ұлттық Банкі төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев бірер жыл бұрын аттай қалап, қасына арнайы алдырып алған өз кеңесшісін бұрынғы ортасына қайтарды. Dalanews.kz бұл нені білдіретінін саралап көруге тырысты.
Иә, 2024 жылы президенттің кеңесшісі болғанға дейін Ерұлан Жамаубаев ҚР премьер-министірінің орынбасары - қаржы министрі лауазымын атқарған. Онда да ол "аспаннан аяғы салбырап түскен" шенді-шекпенділердің қатарынан емес. Ол - 1998 жылдан бастап 2014 жылға дейінгі аралықта Ұлттық Банкте қатардағыдан лауазымды қызметке дейін көтерілген өз саласындағы еңбекқор адамдардың бірі. Сол себепті де Ерұлан Жамаубаевтың есімі қаржы саласындағылар үшін жақсы таныс.
ПІКІРЛЕР:
"Ұлттық Банк төрағасының тағы бір орынбасары пайда болды. Онда да бірінші. Иә, орталық банк басшысының бірінші орынбасары деген лауазым бұған дейін болмаған. Бұл жаңа лауазымға бұрынғы қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев келді. Ол қандай департаменттерге жауапты болады, ол жағы әзірге белгісіз", деп жазады экономист Андрей Чеботарев.
"Менің ойымша, бұл тағайындау Мемлекет басшысы Ұлттық Банктің тәуелсіздігі турасында айтқанына байланысты: "...қазір Үкіметпен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жүргізілетін нағыз уақыт. Біз тәуелсізбіз, өзімізге өзіміз қожамыз деген бұрынғы қағидат енді жұмыс істемейді, өйткені қазіргі ел экономикасы басындағы жағдай ерекше… Белсенді араласусыз сырттан бақылау болуы мүмкін, бірақ қаржы секторы үшін бұл дабылды жағдай. Өйткені Ұлттық Банк шешімдеріне ықпал ету ықтималдығы жоғары" деп жазады экономист Эдьдар Шамсутдинов желідегі парақшасында.
Мамандардың бұл арада алыстан орағытып айтып отырғаны не жағдай?
Біріншіден, Жамаубаевтың кезінде (қаржы министрі болып тұрғанда) кезең-кезеңді қамтитын жалпыға бірдей декларацияны іс жүзінде енгізу шаралары қолға алынған. Сондай-ақ соның басшылығымен Қаржы министрлігі мобильді ақша аударымын қатаң бақылауға алу мәселесін көтерген. Идеалды болмаса да бұл шаралар дендеп енгізіліп жатқаны белгілі. Яғни, Жамаубаевтың бастамашылдық қасиеті бар, оның үстіне өз саласын жетік білгендіктен де ол батыл қадамдарға баруда тайсақтай бермейді.
Бәрінен бұрын, бүгіндері Үкімет пен бизнес қауымдастық қызыл кеңірдек болып талқылап жатқан қосымша құн салығы мөлшерлемесін өсіру бастамасы осы Жамаубаевтың кезінде қолға алынған еді. Жамаубаевтың ведомствосы ол кезде, яғни 2023 жылы қосымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көтеруді ұсынған. Көптеген наразылықтан кейін президент: "Қосымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көтеру мәселе шешімі болмайды" деп кесіп айтып, бұл бастама ол кезде орта жолдан тоқтаған. Алайда бүгін оған қайта қозғау салынып жатқаны белгілі. Мүмкін Жамаубаевтың кезінде қосымша құн салығы бойынша әзірленген ұсыным енді "консервациядан" алынып, жауапты тұлғаның бастамасымен қолданысқа енгізіліп жіберуі де мүмкін бе, қалай?..
Қосымша құн салығы мөлшерлемесін өсіру арқылы Ұлттық қорға түсетін қосымша қаражат көзі ашылады. Бұл бюджет тапшылығы жағдайында керекті шара ретінде алға тартылуда. Мұндайда инфляцияға салмақ түсері хақ. Осы араға келгенде, Үкімет пен Ұлттық Банк мүддесі тұрғысында қарама-қайшылықтар туындауы ықтимал. Инфляция демекші, қаңтарда ол болжамды көрсеткіштен асып, Үкімет бұл ретте қатаң шара қабылдамаған Ұлттық Банкті айыптаған еді. Осы жағынан алғанда, өзіндік миссиясы бар Ерұлан Жамаубаевтың Ұлттық Банкке келуімен алда бізді базалық мөлшерлемеге қатысты да "тосын сый" күтіп тұруы ықтимал...