“Жаға ұстатарлық статистика”. Әділов ауыр қылмыс жиі тіркелетін орындарды атады

Қаракөз Амантай 10 жел. 2025 15:23

Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов елдегі ауыр қылмыстың басым бөлігі қандай орындарда жасалатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазақстанда кісі өлтірудің жартысы, зорлау мен бұзақылықтың үштен бірі, сондай-ақ тонау мен жол апаттарының төрттен бірі мас адамның қатысуымен болады. Жалпы қылмыстардың алтыдан бірі түнгі уақытта жасалады. Осыған байланысты 1 048 факті тіркелген”, — деді вице-министр.

Әділовтің сөзінше, биыл көңіл көтеру орындарына шағымданушылар саны 42 мыңнан асқан.

“Жыл басынан бері 1 749 қылмыстық іс қозғалды. Олардың қатарында — 10 кісі өлтіру, 579 дене жарақатын салу, сегіз зорлау, 26 тонау және 238 бұзақылық дерегі бар. Астанада жағдай күрделі: 171 ойын-сауық орнында 357 қылмыс тіркелген. Көпшілігі түн ортасында немесе таң ата жасалған. Бірнеше нысанда құқық бұзушылықтардың жиі қайталануы да алаңдатып отыр”, — деді ол.

Оның айтуынша, Алматыдағы көрсеткіш те оңып тұрған жоқ. Қалада мұндай орындарға қатысты 3 588 шақыру түсіп, 14-тен аса адам өлтіру дерегі тіркелген.

Әділов түнгі уақытта алкогольді шектеу мәселесі қайта қаралуы тиіс екенін айта отырып, жақында болған ауыр қылмысқа тоқталды.

“18 қарашада 16 жастағы жасөспірімдер жалдамалы пәтерде ішімдік ішкен. Салдарынан 16 жастағы қызды аяусыз зорлап, ажал құштырған”, — деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар