Израиль әскери ұшақтары Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында орналасқан Әбу әд-Духур әскери әуе базасына сегіз рет соққы жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Reuters мәліметінше, шабуыл сейсенбі күні таңертең болған. Сирияның мемлекеттік Ekhbariya телеарнасы әскери дереккөзге сілтеме жасап, соққылардың әуе базасының ұшу-қону жолағы мен қоймаларына бағытталғанын хабарлады.
Шабуыл салдарынан әскери нысанның инфрақұрылымына материалдық залал келген. Әскери дереккөз бен база маңында тұратын тұрғынның айтуынша, қаза тапқандар мен жараланғандар туралы ақпарат жоқ.
Израиль әскері шабуылға қатысты түсініктеме бермеді. Сирияның Қорғаныс министрлігі де Reuters агенттігінің сауалына жауап берген жоқ.
Әбу әд-Духур әскери базасы Түркия шекарасынан шамамен 70 шақырым жерде орналасқан. Нысан 2013 жылдан бері толыққанды әскери әуе базасы ретінде пайдаланылмаған. Сириядағы 14 жылдық азаматтық соғыс кезінде база бірнеше рет әртүрлі күштердің бақылауына өткен.
Reuters мәліметінше, бұл Әбу әд-Духур базасына 2024 жылдың желтоқсанында Башар Асад билігі құлағаннан кейін жасалған алғашқы шабуыл. Израиль Асад билігі құлағаннан бері Сириядағы әскери нысандарға бірнеше рет соққы жасаған.
Израиль бұған дейін Сириядағы әскери инфрақұрылымға жасалған соққыларын өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа биліктің қолына өтуіне жол бермеу қажеттігімен түсіндірген.