Іздеудегі Арғын Нығматулинге қатысты тағы тың дерек жарияланды

Dalanews 14 нау. 2025 11:23 210

Хоккейден Қарағанды облысының намысын қорғайтын әйгілі "Сарыарқа" клубы соңғы 15 жылда мемлекет бюджетінен кемінде 15 млрд теңге алған. Қазір осы клубтың бұрынғы директоры Арғын Нығматулинге "бюджет қаржысын жымқырды" деген айып тағылып, ол халықаралық іздеуде жүр. Антикордың мәліметінше, ол облыста хоккей спортын дамытуға бөлінген қаржыны талан-таражға салған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Сарыарқа" қанша қаражат алды?

  • 2008–2018 жылдар аралығында тендерлердің ашық деректері жоқ, дегенмен бұл кезеңде клуб бюджеттен тұрақты қаржыландырылып отырған.
  • 2016 жылы клуб Қазақстан мен Ресей чемпионаттарына қатысу үшін 1,25 млрд теңге алған.
  • Сол жылы қосымша тағы 200 млн және 150 млн теңгенің келісімшарттары жасалған.
    2017 жылы клуб ең ірі тендерді ұтып, 2,5 млрд теңгеге келісім жасасқан (ресми түрде 2,43 млрд теңгесі игерілген).
  • 2018–2022 жылдары клубқа хоккей спортын дамыту мақсатында тағы 10,1 млрд теңге бөлінген.
  • Ал 2025 жылға Қарағанды облысының бюджетінен тағы 1,2 млрд теңге қарастырылған.

"Сарыарқа" тендерді қалай айналып өткен?

Клуб бюджеттен бөлінген қаражатты конкурстан тыс, тікелей келісімшарттар арқылы алып отырған. 2017 жылы бөлінген 2,5 млрд теңгенің, ресми құжат бойынша, тек 1,3 млрд теңгесі ғана жұмсалғаны көрсетілген. Қалған ақшаның қайда кеткені белгісіз.

Ал 2018 жылы "Сарыарқа" клубы жеке басқаруға берілген кезде, оның құны ресми бағасынан (161,1 млн теңге) алты есе қымбат бағаға – 980 млн теңгеге бағаланып кеткен.

Арғын Нығматулин қалай пайда тапты?

  • Нығматулиннің меншігіндегі "NBN Inc." компаниясына тиесілі Doszhan Sport мұз айдыны Қарағандыдағы Олимпиадалық резерв мектебіне жалға беріліп, 6 жыл ішінде компания 1,04 млрд теңге табыс тапқан.
  • Сондай-ақ, оның бизнес-активтері арасында Itecco Kazakhstan және Future Generation компанияларына тиесілі қонақүй кешендері де бар.
  • Бұдан бөлек, Арғын Нығматулинге тиесілі N.A.Z. шаруа қожалығы асыл тұқымды жылқы мен ірі қара өсірумен айналысып келген.

Осылайша, әйгілі хоккей клубының айналасындағы миллиардтаған теңге мен оның бұрынғы басшысына қатысты қаржылық былықтың соңы халықаралық іздеуге дейін ұласып отыр. Антикор қазір аталған қаражаттың нақты қалай жұмсалғанын әрі қарай тергеп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар