Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Францияда өткен "Үлкен жетілік" саммиті кулуарында басқа елдердің көшбасшыларына бір ай бұрын темекіні тастағанын айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
G7 көшбасшыларының бейресми кездесуінің видеосын Euronews телеарнасы жариялады. Әңгіме барысында Мелони кофе ішкісі келетінін айтқан. Сол кезде Германия канцлері Фридрих Мерц әзілдеп, кофемен бірге темекі де керек емес пе деп сұраған.
"Жоқ, мен тастадым", – деп жауап берді Италия премьері.
Осы сөзден кейін Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен "Браво!" деп қошемет білдірді. Отырған басқа көшбасшылар да Мелонидің бұл шешімін қолдап, жылы реакция танытқан.
Италия үкіметінің басшысы темекіні бір ай бұрын қойғанын нақтылады. Осыдан кейін Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Коштадан оның темекіні қашан тастағанын сұрады.
"Мен 2005 жылы тастадым... Содан бері қайта оралған жоқпын. 21 жыл бұрын", – деп жауап берді Кошта.
Басылымның жазуынша, былтыр қазан айында Газадағы бейбітшілік мәселелеріне арналған саммитте Италия премьерінің бұл әдеті Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның әзіліне себеп болған.
Сол кезде Мелони түрік көшбасшысының жағдайын сұрап, олардың ұшақтары Шарм-эль-Шейх әуежайына шамамен бір уақытта қонғанын айтқан. Бұған жауап ретінде Ердоған оның өте жақсы көрінетінін айтып, оны темекіні тастауға "мәжбүрлеуі керек" екенін әзілмен жеткізген.
Италия премьері бұған күліп, оның пікірімен келіскен және "біреуді өлтіріп қойғым келмейді" деп әзілдеген.