Іске Тоқаев араласпаса, «халық сөзін құлақ астатын» әкімдікті байқамадық!

Dalanews 28 мау. 2023 02:09 1002

Алматы облысы әкімдігі өңірде туризмді дамыту мақсатында Әуе шарларының фестивальін ұйымдастырмақшы. О баста дәл осы фестивальді өткізу үшін әкімдік үстіміздегі жылдың наурыз айында мемлекеттік сатып алу байқауын өткізген болатын. Артынша мұны ФБРК арнасы байқап қойып, мәселе көтергенде әкімдіктің бұл бастмасы жұрттың сынына ұшыраған еді.

Халық қарсылық білдіргеннен кейін әуе шарлары фестивальіне қатысты мәселе біраз уақытқа дейін тынышталып қалған-ды.

Сол кезде жұрт әуе шарлары фестивальін мемлекет қаржысына өткізудің қаншалықты қажеті бар екенін айтып, бұл мәселені өткір талқылағаны есімізде.

Ал әкімдік қызметкерлері болса, фестиваль өңірдегі туризмнің дамуына серпін бертінін, 30 мыңнан астам адамның басын қосатынын айтып ақталған еді.


Жиын-той өткізуде алдына жан салмайтын шенділер осылайша бір фестивальмен облыстағы туризмді дамытып жіберуді көздеген-ді (фестиваль өткізіп, туризмнің дамып кеткенін естісек, құлағымыз керең болсын!).

Бірақ Алматы облысы әкімдігі о бастағы ойынан әлі бас тартпағаны белгелі болды.

Алматы облысы әкімі Марат Сұлтағазиев бастаған шенділер фестивальді бюджет қарысына емес, өңірдегі кәсіпкерлердің қолдауымен өткізудің амалан тауыпты.

Сонда бюджет қаржысын жиын-тойға шашауға боламайды, ал кәсіпкерлердің жиналған қаржыны оңды-солды шаша беруге болатын болды ғой. Қызық. Ақылға қонбайтын ақталу ғой.  


Айтпақшы, әкімдік «Мың бояулы аспан» деген атауға ие болған әуе шарлары фестивальін Қонаев қаласында шілде айында жоспарлап отырса керек. Шараға дүниежүзінің бірнеше әуе шарларын ұшыратын команда қатысып, Алматы облысының аспанынан 25 дирижабльді көтермекші.

Айтқанынан қайтпайтын әкімдік өңірдегі кәсіпкерлердің қолдауымен осы іс-шараны өткізуге тас-түйін бекінген сыңайлы. Енді халық қанша талқылап, сынаса да әкімдік райынан қайтпауы мүмкін. Бұл іске Тоқаев араласпаса, «халық сөзін құлақ астатын» (сондай тұжырымдама бар емес пе еді?) әкімдікті байқамадық. Өйткені шараны кәсіпкерлердің қолдауымен өткізеді. Әкімдіктің аргументі тастай.

Айтпақшы, фестивальді өткізуге қажетті 183 млн теңгені кәсіпкерлер де жинап беруге асығып отырса керек...

Ең бастысы шенділер «Мың бояаулы аспан» фестивальі Алматы облысының туристік әлеуетін әлемге танытып, дүниежүзі туристерінің назарын өзіне аударатындарына сенімді.

Әдетте дамыған елдерде мұндай іс-шараларды жергілікті билік орындары емес, туристік ұйымдар өздері ұйымдастыратыны белгілі. Ал біздің әкімдіктер нақты жұмыс істеудің орнына фестивальдер мен кітаптар шығаруға әуес.


Егер кәсіпкерлерден жиналған қаржыға Қапшағайдың жағалауын тазартып, оншақты әжетхана салса, туризмнің дамуына қосылаған пайдалы іс сол болар еді. Бірақ әкімдікте фестиваль өткізуге қатты құмартып отыр.

Еліміздегі ақпарат құралдары тарапынан сынға ұшыраған әуе шарлары фестивальін әкімдікке қарасты ақпарат құралдары жазғаннан кейін дүниежүзінің туристері Қонаевқа ағылатын шығар? Содан кейін Алматы облысына қарасты ақпарат құралдарына Tesla, Samsung, Toyota сынды алпауыт компаниялар жарнама беруге кезекке тұруы мүмкін.

Қайтеміз, Құдай соған жеткізсін! Әкімдіктің де бір ойлағаны бар шығар?

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар