Ішкі істер министрі Сәденов Тоқаевқа баяндама жасады

Көркем Алдабергенова 05 ақп. 2025 12:37 229

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ержан Сәденов:

  • елдегі криминогендік жағдай және ішкі істер органдарының «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру барысы жөнінде ақпарат берді;
  • елімізде қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде былтыр қылмыс саны 12,7 мыңға азайғанын баяндады:
  • соңғы жылдары қылмыс деңгейінің, әсіресе, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлері көрсеткіштерінің айтарлықтай төмендеуі байқалады;
  • тергеудің заманауи әдістерін енгізу арқылы қылмыстың барлық санаты бойынша ашылуы жақсара түскен;
  • қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарының нәтижесі туралы айтты. 2024 жылы полиция іздеуде жүрген 1949 адамды ұстаған;
  • ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі Президент тапсырмаларының орындалу барысын таныстырды:
  • ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған;
  • соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталып, 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеген, 64 есірткі зертханасы жойылған;
  • интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталған. Нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленген. Алаяқтардың 2 миллиард теңгеден астам қаржыны елден шығаруына жол берілмеген;
  • кәмелет жасына толмағандардың құқықтарын қорғау, көші-қонды бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы хабардар етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар