Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі “Дәрмек” республикалық жедел-алдын алу шарасының нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тексеріс қорытындысы бойынша 248 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, олардың 116-сы – медицина қызметкерлері. Бұдан бөлек, есірткі заттарының заңсыз айналымынабайланысты сегіз қылмыстық іс қозғалды.
Жалпы алғанда, 35 мың тонна прекурсордың, 20 мың таблетка мен 24 мың ампуланыңайналымына шектеу қойылды.
Мысалы, Жамбыл облысында прекурсорларды сақтау талаптарының бұзылғаны анықталды. Белгілі бір ұйымнан 34 мың тоннадан астам күкірт қышқылы тәркіленіп, әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде компанияның қызметі уақытша тоқтатылды.
Ақтөбе облысында медициналық мекемеде есірткі құралдарын есепке алу және сақтау талаптарының бұзылғаны белгілі болды. Осыған байланысты фармацевтке қатысты қылмыстық іс қозғалды.
ІІМ ескертеді: есірткі мен прекурсорлардың айналымына қатысты заң талаптарын сақтамағаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов мәлімдеді.