Ирандағы соғыс пен жаһандық сауда бағыттарының өзгеруі Қазақстанның теміржол инфрақұрылымын дамыту жоспарына жаңа серпін берді. Еуропа мен Қытай арасындағы жүк тасымалына сұраныс артып, Қазақстан арқылы өтетін транзиттік дәліздердің маңызы күшейіп отыр, деп хабарлайды dalanews.kz Bloomberg-ке сілтеме жасап.
Әсіресе, «Орта дәліз» деп аталатын Транскаспий халықаралық бағытына қызығушылық артқан. Бұл маршрут Қытайды Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропамен байланыстырады. Ресей аумағы арқылы өтетін транзит көлемі азайғаннан кейін аталған дәліздің жүктемесі бірнеше есе өсіп, тасымал көлемі тұрақты түрде ұлғайып келеді.
Осыған байланысты Қазақстан ауқымды теміржол модернизациясын қолға алды. Елде жаңа теміржол желілері салынып, қолданыстағы бағыттардың өткізу қабілетін 2030 жылға қарай 100 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Ұлттық теміржол операторы инфрақұрылымды жаңартуға миллиардтаған доллар инвестиция құйып жатыр. Сонымен қатар АҚШ, Франция және Қытайдан жаңа локомотивтер сатып алынып, Каспий теңізі арқылы жүк тасымалын күшейту үшін жеке теңіз флоты да дамытылуда. Сарапшылар Каспий бағытын Орта дәліздің негізгі тар тұсы деп бағалайды.
Бұдан бөлек, «Қазақстан темір жолы» компаниясы Қытай мен Еуропадағы терминалдық қуаттарды кеңейтіп, Еуроодақ аумағындағы жаңа логистикалық активтерді қарастырып жатыр.
Соңғы уақытта Қытай мен Иран арасындағы контейнерлік тасымал көлемі де айтарлықтай өскен. Мәліметтерге сәйкес, бір жылдың ішінде бұл бағыттағы жүк көлемі бірнеше есе артқан.