Израиль барлау қызметінің мәліметінше, Иран басшылығы АҚШ президенті Дональд Трампқа қастандық жасауды жоспарлап отыр. Тиісті барлау ақпараты Вашингтонға жолданған. Бұл туралы The Wall Street Journal (WSJ) басылымы хабарлады, деп жазады dalanews.kz.
WSJ мәліметінше, Иран билігі бұған дейін әзірленген жоспарларды қайта қарап, жаңартқан. 2020 жылдың қаңтарында Трамптың бұйрығымен Иранның "Әл-Құдс" күштерінің қолбасшысы генерал Қасем Сүлейманидің көзін жою операциясынан кейін Тегеран АҚШ-тан кек алуға уәде берген болатын. Бағдад әуежайы маңында MQ-9 Reaper ұшқышсыз аппараты арқылы жасалған шабуылдан кейін Иран АҚШ-тың өңірдегі әскери базаларына соққы беріп, Трамптан кек алу жоспарын қарастыра бастаған.
Басылымның жазуынша, Израиль барлау қызметі анықтаған қастандық жоспары жақында қайта пысықталған. Ал CNN телеарнасы шабуылдың тіпті "нақты" жоспары бар екенін хабарлады. Ақпаратқа сәйкес, Иран билігінің мұндай қадамға баруына 2026 жылғы 28 ақпанда Иранның Жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеидің өлтірілуі түрткі болған.
НАТО саммитінен кейін Түркиядан Air Force One ұшағымен қайтып келе жатқан Дональд Трамп журналистерге Иранның нысанасына айналғанын мәлімдеді.
"Олар АҚШ президентін – мені – жойғысы келеді. Бүгін таңертең олардың барлық "жою тізімінде" тұрғанымды көрдім. Осы уақытқа дейін жолым болып келді, бірақ бұл ұзаққа созылмауы мүмкін", – деді Трамп.
Айта кетейік, бұл ақпарат әзірге ресми түрде АҚШ немесе Иран билігі тарапынан толық расталған жоқ. Мәліметтер шетелдік БАҚ пен барлау деректеріне сүйеніп жарияланған.