Иран Ормуз бұғазында мұнай танкеріне соққы жасалғанын мәлімдеді

Иран Ормуз бұғазында мұнай танкеріне соққы жасалғанын мәлімдеді
Ашық дереккөз

Иран Ормуз бұғазында мұнай танкеріне соққы жасалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Иран тарапының мәліметінше, Trend танкері Ормуз бұғазы арқылы Тегеран «заңсыз бағыт» деп атаған жолмен өтуге әрекет жасаған. КСИР мәлімдемесінде кеме соққыдан кейін өртеніп, тоқтағаны айтылған. 

КСИР Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы, контр-адмирал Али Озмаи Иран күштері стратегиялық су жолын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранның рұқсатынсыз бұғаз арқылы өтуге әрекет жасаған кемелер жойылуы мүмкін. 

Алайда танкерге жасалған соққы, өрт және кеменің кейінгі жағдайы туралы ақпарат әзірге тәуелсіз түрде расталған жоқ. Associated Press те Иранның мәлімдемесін бірден тәуелсіз растай алмағанын хабарлады. Кеме бортындағы экипаждың жағдайы, зардап шеккендер бар-жоғы мен жүктің сипаты туралы да мәлімет жоқ. 

Бұған қоса, Ұлыбританияның UK Maritime Trade Operations қызметі Ормуз бұғазында Оманның Хасаб қаласынан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 30 шақырым жерде «қауіпсіздікке қатысты оқиға» тіркелгенін хабарлаған. Алайда қызмет оқиғаға қатысы бар кеменің атауын жарияламады. Сондықтан бұл оқиғаның дәл Trend танкеріне қатысты болғаны әзірге белгісіз. 

Яғни әзірге расталғаны – Иранның мұнай танкеріне соққы жасағаны туралы мәлімдемесі. Оқиғаның нақты мән-жайы мен танкердің жағдайы тәуелсіз дереккөздер арқылы нақтыланған жоқ.