Ташкентте өткен информатикадан халықаралық олимпиадада (IOI 2026) жоғары нәтиже көрсеткен қазақстандық оқушылар елордаға оралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Астана әуежайында жас чемпиондар мен олардың жетекшілерін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері, ата-аналары, ұстаздары мен достары қарсы алды.

Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасының төрт мүшесі де жүлдегер атанды. Олар 1 алтын және 3 күміс медаль жеңіп алды. Қазақстан әлемдік командалық есепте 10-орынға ие болды. Бұл - еліміздің осы халықаралық олимпиадаға қатысу тарихындағы үздік нәтижелерінің бірі.
Максим Цой алтын медаль жеңіп алып, әлемдік жеке есепте 5-орын иеленді. Мансур Мамадахунов, Асқар Әкежан және Алдияр Сейтбай күміс жүлдегер атанды.
Ұлттық құрамаға Темірлан Сатылханов пен Айбек Қуанышбай жетекшілік етті.