Астанада тұрғын үйді өртеп жіберуге әрекеттенген ер адамға сот үкімі шықты. Ол әлеуметтік желі арқылы берілген тапсырманы орындап, бұл үшін 2 мың доллар сыйақы алуды көздеген, деп хабардайды Dalanews.kz.
Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, ер адам Instagram желісі арқылы белгісіз тұлғалармен байланысқа шығып, ақша үшін заңсыз әрекет жасауға келіскен.
Тергеу барысында оның алдын ала дайындалған жанғыш құрылғыларды тұрғын үйге қарай лақтырғаны анықталған. Оқиға кезінде үй ішінде адамдар болған. Бұл олардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
"Қылмыс күдіктіге байланысты емес мән-жайларға байланысты соңына дейін жеткізілмеді", – деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Сот ер адамды бөтеннің мүлкін жоюға оқталу бабы бойынша кінәлі деп таныды. Үкім шығару кезінде оның бұрын өтелмеген соттылығы бары да ескерілген.
Нәтижесінде сот оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
