Қоғамда ерекше қажеттілігі бар адамдарға көмектескісі келетіндер көп. Алайда кейде жақсы ниетпен жасалған әрекет адамға қолайсыздық тудыруы мүмкін. Мәселен, рұқсатсыз мүгедектер арбасын итеру, адамның өзімен тікелей байланыс орнатпау, аяушылық таныту - жиі кездесетін қателіктердің бірі. Ал шын мәнінде инклюзия арнайы заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардан ғана емес, күнделікті қарым-қатынастан басталады. Dalanews.kz редакциясы қоғамда ерекше қажеттілігі бар адамдармен қарым-қатынас кезінде ескеруге тиіс негізгі қағидаларға шолу жасады.
Көмек ұсынар алдында міндетті түрде сұраңыз
Көшеде немесе қоғамдық орында ерекше қажеттілігі бар адамды көргенде көпшілік бірден көмектесуге асығады. Дегенмен оның көмекті қажет ететінін өзіңіз шешпеуіңіз керек. Ең алдымен "Сізге көмектесейін бе?" немесе "Қалай көмектескенім дұрыс?" деп сұрау жеткілікті. Егер адам көмектен бас тартса, оның шешімін құрметтеу қажет. Себебі көптеген адам күнделікті ісін өз бетінше атқаруға дағдыланған.
Мүгедектер арбасына рұқсатсыз қол тигізбеңіз
Мүгедектер арбасы да адамның жеке кеңістігінің бір бөлігі саналады. Сондықтан оның рұқсатынсыз арбаны қозғауға, итеруге, сүйенуге немесе үстіне зат қоюға болмайды. Егер баспалдақтан өту немесе басқа кедергіні еңсеру кезінде көмек қажет болса, алдымен қалай көмектесу керегін нақтылап алған дұрыс.
Адамның өзімен сөйлесіңіз
Кейде ерекше қажеттілігі бар адамның жанында туысы, досы немесе жеке көмекшісі жүреді. Мұндай жағдайда сұрақты оның жанындағы адамға емес, тікелей өзіне қойған дұрыс.
Мысалы, есту қабілеті бұзылған адамның жанында ымдау тілі маманы болса да, әңгімені сол адамға қарап бастап, табиғи дауыспен сөйлескен жөн. Аудармашы - тек әңгімені жеткізуші.
Бұл қағида балаларға да қатысты. Ерекше қажеттілігі бар баланы ата-анасының көлеңкесінде қалдырмай, пікірін өзінен сұрау - оған деген құрметтің белгісі.
Аяушылық емес, құрмет маңызды
Кей адамдар ерекше қажеттілігі бар азаматтарға тек аяушылықпен қарайды. Алайда мұндай көзқарас олардың қоғамдағы тең құқықты мүшесі екенін екінші орынға ысырады.
Инклюзивті қоғамның басты қағидасы – аяу емес, тең мүмкіндік беру. Яғни адамның мүмкіндігіне қарай білім алуына, еңбек етуіне, қоғамдық орындарды еркін пайдалануына және өз таңдауын жасауына жағдай жасау.
Балаларға инклюзияны қалай түсіндіреміз?
Балалар ерекше қажеттілігі бар адамды көргенде сұрақ қоюы қалыпты жағдай. Мұндайда баланы тоқтатып немесе ұялтудың қажеті жоқ.
Керісінше, адамдардың бір-бірінен ерекшеленетіні, кейбірі арбамен жүретіні, кейбірінің көру немесе есту қабілеті өзгеше екені туралы қарапайым тілмен түсіндірген дұрыс. Бұл балада құрмет пен түсіністік мәдениетін қалыптастырады.
Қоғамдық орында қарапайым әдепті ұмытпаңыз
Инклюзивті орта күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Арнайы тұраққа көлік қоймау, тактильді жолақтардың үстіне зат қалдырмау, пандусты бөгемеу, қоғамдық көліктегі арнайы орынды қажет адамға босату - кез келген азаматтың қолынан келетін іс.
Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамға ұзақ қарап қалу, оның денсаулығына қатысты орынсыз сұрақ қою немесе суретке рұқсатсыз түсіру де әдепке жатпайды.