Америкалық кәсіпкер, SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Масктың айтуынша, адамдардың Марсқа алғаш рет қонуы алдағы 5–7 жыл ішінде жүзеге асуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол бұл пікірін NASA басшысы Джаред Айзекманның мәлімдемесіне жауап ретінде білдірді. Бұған дейін Айзекман Марсқа төрт адамнан тұратын экипажды жеткізу үшін әлі шамамен 10–15 жыл қажет болуы мүмкін екенін айтқан.
Алайда Маск бұл мерзіммен келіспейтінін жеткізді.
«Адамдар Марсқа шамамен 5–7 жылда барады. Ал Марсқа қонатын аппарат бірнеше жыл бұрын дайын болады», – деп жазды ол.
Айта кетейік, Илон Маск бұған дейін де адамзатты көппланеталы өркениетке айналдыруды өзінің басты мақсаттарының бірі екенін бірнеше рет мәлімдеген. Оның SpaceX компаниясы дәл осы мақсатта Starship ғарыш кемесін әзірлеп жатыр.