Мамыр айының екінші онкүндігінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлерімен синтетикалық есірткінің бірқатар аса ірі партияларын заңсыз айналымға шығару жолдары кесілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алматы қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қала тұрғыны ұсталып, одан екі килограмнан астам альфа-PVP синтетикалық есірткісі тәркіленді. Күдікті өз кінәсін мойындады. Ең ірі мегаполисте тағы бір күдікті ұсталды. Жігіттің тұрғылықты жерін тінту кезінде шамамен бір килограмм синтетикалық есірткі мен психотроптық әсері бар заттар дәрілер тәркіленді.
Шығыс Қазақстан облысында интернет-дүкен кураторының тапсырмасымен өңірлерге есірткі тасымалдаумен айналысқан Алматы облысының тұрғыны ұсталды. Күдіктіден екі килограмнан астам есірткі тәркіленді. Қарағанды облысы Алматы - Екатеринбург тасжолында ірі көлемдегі синтетикалық есірткі заттарын тасымалдаған есірткі таратушы ұсталды. Автокөлік салонын тінту барысында бір килограмм альфа-PVP синтекалық есірткісі тәркіленді.
"Тәркіленген синтетикалық есірткінің жалпы салмағы алты килограмнан астам. Бұл заңсыз айналымға түсуі мүмкін 18 мыңнан астам бір реттік дозаның жолы кесілгенін білдіреді. Яғни, мыңдаған жастардың өмірі мен денсаулығына зиян келмеді. Аталған фактілер бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі іс жүргізу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта өзге де қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жазғы демалыс қарсаңында ІІМ жастарды есірткі таратып, "жеңіл ақша" табу туралы жалған ұсыныстарға алданбауға шақырады. Есіңізде болсын: қылмыскерлер сізді "шығын" ретінде ғана пайдаланады. Өз жақындарыңыз туралы ойланыңыз!" - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.