Гүлнара Каримованың заңсыз активтері қалай қайтарылып жатқаны белгілі болды

Сағыныш Сардарова 25 сәу. 2025 10:20 365

Өзбекстанда Гүлнара Каримованың заңсыз активтері қалай қайтарылып жатқаны белгілі болды,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өзбекстан Швейцарияда тәркіленген Гүлнара Каримованың активтерінен 95 миллион долларды қайтарып алды. Қаражат енді әлеуметтік саладағы жобаларға бағытталады. Бұл туралы "Газета.uz" агенттігіне БҰҰ қамқорлығымен құрылған Uzbekistan Vision 2030 сенім қоры хатшылығының басшысы Йонас Аструп айтты.

Бұл қаражат Каримоваға қарсы Швейцарияда қозғалған қылмыстық істер нәтижесінде қайтарылған. Қазірге дейін екі іспен жұмыс толық аяқталған:

  • Бірінші іс – 131 миллион долларға қатысты. Бұл іс 2022 жылы қыркүйекте аяқталған, сол кезде бұл қор да құрылған.
  • Екінші іс 182 миллион доллар көлеміндегі активке қатысты. Ол жуырда ғана аяқталған.

Екі істің нәтижесінде Өзбекстанға қайтарылуға тиіс сома – 313 миллион доллар, оның 95 миллионы қазірдің өзінде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі есепшотына аударылған.

Қор бұл қаражаттың 67 миллион долларын денсаулық сақтау және білім беру саласындағы жобаларға бөлген. Бұл жобалар Өзбекстан халқының игілігіне бағытталған.

Йонас Аструптың айтуынша, қор құрылымын басқа елдер де қолдана алады. Себебі Гүлнара Каримованың активтері бірнеше елде бар. Егер сол мемлекеттер өз активтерін қайтару үшін осы қорды пайдалануға ниет білдірсе, Өзбекстан және Швейцария үкіметтерімен келісілуі керек. Бұл қор Швейцарияда Каримоваға қарсы қозғалған қылмыстық іс аясында тәркіленген қаражатты ашық әрі әділетті түрде жұмсау үшін құрылған.

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан Гүлнара Каримованың заңсыз шығарылған активтерін қайтарып жатқаны хабарланды.

Өзбекстан үкіметі мен Швейцарияның федералдық кеңесі “Тәркіленген активтерді бөлу туралы келісімге” қол қойғаны, бұл құжат Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтың үлкен қызы Гүлнара Каримоваға тиесілі шамамен 182 миллион долларды қайтаруды көздеп отырғаны айтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар